Қазақстанда қорға 40-қа жуық көне қолжазбалар мен кітаптар табысталды

Астана. 4 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстанда Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығына 40-қа жуық көне қолжазба мен кітаптар табысталды, деп хабарлады ҚР мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметінен.
«Ұлттық қолжазбалар және сирек кітаптар орталығының қызметкерлеріне Жамбыл облысындағы ғылыми экспедиция барысында араб, парсы, шағатай тілдеріндегі 40-қа жуық көне қолжазба мен сирек кітаптар табысталды», – делінген сенбідегі хабарда.
Хабарға сәйкес, ескі кітаптар арасында:
-XVIII ғасырдың ортасында өмір сүрген Аллаяр Сопының өлеңдері жазылған қолжазба, пайғамбарлар өмірбаяны өлең түрінде жазылған қолжазба,
-Қазанда басылған қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше данасы,
-түрік-осман авторы Мухаммад Челебидің 1894 жылы Қазанда басылған «Мухаммадия» кітабының бірнеше данасы,
-«Мәуліт» кітабы, Физули өлеңдері, Ханафи мазһабы бойынша іргелі еңбектердің бірі «Шарх әл-Викая», 1893 жылы Стамбулда басылған «Шарх әл-Кафия ли-Исфаханди»;
-Қожа Хафиз Ширазидің парсы тіліндегі ғазалдары,
-Мухаммад Саляхтың 1902 жылы Қазанда басылған «Тарджама Мухтасар әл-Викая» еңбегі, сондай ақ Ислам тарихына, араб, түркі грамматикасына қатысты кітаптар мен мұсылман күнтізбесі бар.
Хабарда айтылғандай, қолжазбалар орталығының қызметкерлеріне кітаптар сақталған құнды жәдігер – қара былғарымен қапталған сандықша қоса берілген.
«Ғылыми-зерттеу экспедициясы барысында орталық қызметкерлері Шоқан Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы, Тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау және қалпына келтіру дирекциясы мен Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейі және «Ежелгі Тараз ескерткіштері» мемлекеттік тарихи-мәдени музей-қорығы, Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығында болған қызметкерлер бірнеше құнды кітаптардың көшірмесін алды», – делінген хабарда.

adimage