Көлікті жалған тексеруден өткізгендерге айыппұл көбейтіледі, Аудиторлар Назарбаев мектептерін тексеріп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджесті

Астана. 4 мамыр. ҚазТАГ – Көлікті жалған тексеруден өткізгендерге айыппұл көбейтіледі, Аудиторлар Назарбаев мектептерін тексеріп жатыр және тағы басқа тақырыптар дайджестін ҚазТАГ агенттігі ұсынады.
«Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізгендер 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді»
Көлік министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізгендерге айыппұлдың көлемі көбейтіледі, деп хабарлайды Nege.kz.
Министрліктің хабарлауынша, жаңа заң бойынша айыппұлды 100 АЕК-ке дейін көбейту көзделіп отыр.
«Заң жобасы шеңберінде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодекске автокөлікті жалған техникалық тексеруден өткізуге қатысты айыппұлды 30 АЕК-тен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту бөлігінде өзгерістер көзделген. Көлікті жалған техникалық тексеруден өткізудің салдары ақауы бар көліктердің жол қозғалысына жіберілуіне мүмкіндік беріп, кейін бұл жол-көлік оқиғаларына, оның ішінде соңы өлімге ұласатын оқыс оқиғалар деңгейінің өсуіне әкеп соғады», - делінген хабарламада.
«Алғысты соттан кейін айтасыз»: Салтанаттың ағасы Бишімбаевтарға жауап берді
Соттағы жарыссөз кезінде Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді сөзді Бишімбаевтың анасы Альмира Нұрлыбековаға қарата сөйледі, деп хабарлайды Stan.kz.
Амангелдінің айтуынша, Альмира Нұрлыбекова өзін заңнан, сарапшылардан «жоғары» санайды.
«Егер Бишімбаевтың анасы өзін және бүкіл отбасын сарапшылардан және басқалардан жоғары деп санаса, сол кеште Салтанат мас болды ма, жоқ па олар жақсы білуі керек қой. Ол өзін заңнан, сарапшыдан және басқалардан жоғары санайды. Оның осы уақытқа дейін Салтанатты қаралап келгені мені таңғалдырады. Онымен қоймай бізге алғыс білдіреді. Алғыс айтудың қажеті жоқ. Алғысты соттан кейін айтасыз», - деді Айтбек Амангелді.
«Су тасқынынан қанша мектеп зардап шекті?»
Оқу-ағарту министрлігі елімізде су тасқыны салдарынан қанша мектеп пен балабақшаның зардап шеккенін жариялады, деп хабарлайды Kaz.inform.kz.
Ведомство мәліметінше, республика бойынша су тасқыны салдарынан 26 орта және орта-техникалық білім беру ұйымы зардап шеккен.
Зардап шеккен 26 ұйымның қатарында бір балабақша және бір колледж жатақханасы бар.
Ал қалғаны - мектеп.
«Назарбаев Зияткерлік мектептеріне аудиторлық тексеру жүргізіліп жатыр»
Жоғары аудиторлық палата Назарбаев Зияткерлік мектептері мен Қазақстанның төрт облысына бөлінетін бюджетті, сондай-ақ әлеуметтік-медициналық сақтандыру жүйесін, салық және кеден жүйелерінің тиімділігін тексерген. Алайда аудит қорытындысын әлі жариялаған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
«Жоғарғы аудиторлық палата 2019-2023 жылдары «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымына бөлінген бюджет қаражатының пайдаланылу тиімділігіне аудит жүргізуді аяқтауда. Атап айтқанда аудит барысында НЗМ-нің республиканың орта білім беру жүйесін дамытуға әсері талданды», - делінген хабарламада.

Фото көзі: Википедия


adimage