Қазақстанға Тәжікстаннан гуманитарлық көмек жеткізілді

Түркістан. 22 сәуір. ҚазТАГ – Қазақстанға Тәжікстаннан гуманитарлық көмек жеткізілді, деп хабарлады Avesta.tj.
«Азық-түлік, ауыз су, құрылыс материалдары мен үй шатырлары тиелген гуманитарлық көмек Душанбе мен Худжандтан 61 вагон және 13 жүк көлігімен жеткізілді. Гуманитарлық көмектің жалпы салмағы 3,5 мың тоннаны құрайды», - делінген хабарда.
20 сәуірде Қазақстанның Сарыағаш қаласында су тасқынынан зардап шеккен Қазақстан халқына гуманитарлық көмекті табыстау шарасы өтті.
Жиналғандар алдында төтенше жағдайлар комитетінің басшысы милиция генерал-полковнигі Рүстам Назарзода шығып сөз сөйледі. Ол өз сөзінде бауырлас қазақ халқына көмек Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонның тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асырылғанын атап өтті.
Қазақстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің бірінші орынбасары мен облыс әкімі Қазақстан үшін ең қиын сәтте көмек қолын созғандары үшін тәжік халқына алғыстарын айтты.

Фото көзі: Telegram/Avesta.tj


adimage