Авторзация
Войти как пользователь
Вы можете войти на сайт, если вы зарегистрированы на одном из этих сервисов:
Әлеуметтік желі арқылы кіру
17:55

Кино әлеміндегі Асанәлі Әшімовтің есімін күллі Қазақстан мақтан тұтады – Назарбаев

18.05.2017 Астана. 18 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев актер, театр және кино режиссері Асанәлі Әшімовке «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын беру салтанатына қатысты, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.  
«Сіз КСРО-ның, Қазақстанның халық әртісі ретінде ең жоғары мемлекеттік наградалармен марапатталдыңыз. Кино әлеміндегі Асанәлі Әшімовтің есімін күллі Қазақстан мақтан тұтады. Сіз Қазақстандағы сан-салалы шығармашылық өнердің саңлағы атандыңыз. Сондықтан елге керек қадірлі тұлға болып отырсыз", – деп келтірілген Н.Назарбаевтың сөзі бейсенбіде Ақорда сайтында жарияланған хабарда.  
Мемлекет басшысы А.Әшімовтің шығармашылық қызметі Кеңестер Одағы дәуірінде де лайықты бағаланғанын атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев А.Әшімовтің театр мен кинодағы қазіргі табысты қызметін атап өтіп, жеке өзінің және мемлекет атынан алғыс білдірді.
«Мәдениет пен өнерді дамытуға қосқан үлесіңізді, еліміздің әлеуметтік-гуманитарлық дамуы жолындағы орасан зор жетістіктеріңізді, белсенді қоғамдық қызметіңізді, сондай-ақ халқымыздың тілегін ескеріп, мен Сізге Қазақстанның Еңбек Ері атағын беру жөнінде шешім қабылдадым. Соған орай «Алтын жұлдыз» ерекшелік белгісін табыс етемін", – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Елбасы мемлекеттің мәдениет саласын белсенді түрде қолдап келе жатқанына және өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласының кейбір тұстарына назар аударды.  
«Осы жылдар ішінде мен Қазақстан мәдениетін назарымнан тыс қалдырған емеспін. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Қазақстанда мәдениетті қолдау бағытындағы жан-жақты жұмыс ұдайы жүргізіліп келеді. «Астана опера», «Қазақстан» орталық концерт залы» сияқты нысандар салынып, жаңа шығармашылық ұжымдар құрылды, еліміздің барлық облыстарында театрлар жұмысы жолға қойылды», – деді Қазақстан Президенті.
«Мемлекет тек экономикамен ғана айналысып, өнерге қолдау көрсетпесе, бар күш-жігеріміз зая кеткенмен бірдей. Біз Қазақстанның өнерін әлемге таныту және насихаттау үшін барлық жағдайды жасап отырмыз. Көрнекті қайраткерлерімізді бүкіл жұртқа таныстырып келеміз», - деп атап өтті мемлекет басшысы.
Соңында елбасы көрнекті өнер қайраткері Асанәлі Әшімовті 80 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, зор денсаулық, шығармашылық табыс тіледі.


Серіктестер