Авторзация
Войти как пользователь
Вы можете войти на сайт, если вы зарегистрированы на одном из этих сервисов:
Әлеуметтік желі арқылы кіру
17:09

Суға батып бара жатқан банктерді құтқару... мемлекеттің тірлігі ме?

01.03.2017 Алматы. 28 ақпан. ҚазТАГ - Сергей Зелепухин. Банктерге қайтадан құтқару шеңберін мемлекет тастап отырғанына қарағанда, Қазақстанның банк секторының проблемалары шегіне жеткен сыңайлы. Бірақ шенеуніктер таңдаған екінші деңгейдегі банктерді (ЕДБ) сауықтыру жолы тым қымбатқа түсіп отыр және түптеп келгенде тиімсіз болуы әбден мүмкін.
Бірден айта кетерлігі, төменде келтірілген талдамаларды ақтық ақиқат және қандай да банкьық нарықтағы қатысушылардың біреуіне теріс имидж қалыптастыруға әрекет деп қарамай, ақ-қарасын уақыт пен оқиғаның келешектегі өрбуі ажырататын бір болжам деп қана қарау керек.


 
Сауықтыруға бөлінген триллиондар


 
Қазақстан банк жүйесінің қиындықтары шегіне тақап келе жатқандығын былтыр жыл соңына қарай «Қазинвестбанкті» лицензиясынан айыру және өткен аптаның алдындағы аптада дефолтқа жол берген Delta Bank және активтері жағынан үшінші болатын «Цеснабанк» «Банк ЦентрКредиттің» активтерінің аса ірі акция пакеттерін сатып алғысы ниетінің барлығы көрсетіп отырғандай. Және соңында, оны Қазақстандағы екі ірі банк – «Қазақстан халық банкі» мен «Қазком» арасындағы келіссөздер көрсетіп отырғандай. Келіссөздердің мән-жайы ашық айтылмаса да, бәрі де, оның ішінде халықаралық рейтингтік агенттіктер де әңгіме екі банктің институттардың бірігуі туралы болып отырғанын біледі.
Ол аз десеңіз, банк секторындағы жағдай мемлекеттің шұғыл араласуынсыз бақылаудан шығып кетуі мүмкіндігін биліктің Проблемалық кредиттер қорына (ПКҚ) жаңа қаражатты бөлу туралы шешімінен көрініп отыр. Ол қаражат банктерден стресстік активтерді сатып алуға арналған. Қазақстан Ұлттық банкінің төраға орынбасары Олег Смоляков 13 ақпанда мәлім еткендей, осы мақсаттарға Т2 трлн қажет!
Бірақ, егер президент бекіткен республикалық бюджетке түзетулер бойынша қарасақ, әңгіме банк секторын сауықтыруға Т2,1 трлн, дәлірек айтсақ, Т2,094 трлн бөлу туралы болып отыр. Егер бюджетте биылға деп қарастырылған доллардың теңгеге шаққандағы Т330/$1бағамы бойынша есептесек, онда банктерді мемлекеттік қаражат есебінен мемлекеттік қолдау мөлшері $6,35 млрд болады!
Салыстыру үшін: технологиялық жетілдіруге және бизнес-ортаны жақсартуға барлығы Т231 млрд бөлінген. Бұл еліміздің ең басты қаржылық құжатына енгізілген өзгертулерге сай биылға есептелінген бюджеттің шығыс бөлігіне деп арттырылған Т2,6 трлн сомадан алынып отыр. Атап айтқанда Ұлттық қордан Т1,093 трлн. мөлшеріндегі бөлінген қосымша мақсаттық трансферт есебінен.
Нәтижесінде, банк секторын сауықтыруға деп бөлінген қаражат сомасы 2017 жылға бюджет шығынын арттыруға деп бөлінген соманың едәуір бөлігін алып отыр.
Ол көп пе әлде аз ба? Есептеп көрейікші. Біріншіден, ұлттық валютада биыл банктерді мемлекеттік қолдау мөлшері 2009 жылы дағдарысқа қарсы күреске деп барлық бөлінген (атап көрсетеміз – барлығынан)Т600 млрд-қа артық! Ол кезде үкімет экономикаға $10 млрд. құйған болатын. Сол жылғы 4 ақпандағы бағам бойынша, яғни 1999 жылғы Т150/$1 деңгейіне дейін жаппай девальвацияның алғашқы күнінде ол сома ұлттық валютада Т1,5 трлн. болған.
Бұл ретте қаржы секторын тұрақтандыруға барлық сомадан тек $4 млрд бағытталған, немесе сол кездегі бағаммен Т600 млрд. Сөйтіп, осы жолы банк секторын сауықтыруға Т1,5 трлн бөлу жоспарлануда немесе 2009 жылғы дағдарыс шыңындағыдан 3,5 есе артық!
Банк секторының проблемаларының тереңдігі мен ауқымдығын осы көрсетіп отырған жоқ па? Оның үстіне ЕДБ-лерді мемқолдау сомасы биыл елбасының Қазақстан халқына соңғы жолдауында айтылған экономиканы жаңғыртуға бағытталған қаражат мөлшерінен 10 есеге артық болды.


Басымдықта Қазком ба?

Бірақ, Проблемалық несиелер қорына деп бөлінетін негізгі қаражат көзіне қатысты бәрі түсінікті болса, онда, бұрынғысынша, неліктен банк секторын қолдауға дәл осы Т2,1 трлн бөлініп отырғаны және ол қандай банктерге берілетіні туралы ресми анық жауап жоқ.
Десек те ең жоғарғы деңгейдегі ресми мәлімдемелерге қарасақ және ашық дерек көздеріндегі ақпараттарға қарасақ, осыншама ауқымды мемқолдау бірінші кезекте Қазкомды сауықтыруға бағытталады. Кем дегенде мемлекеттен қаржылық қолдаудың кезекті порциясын негізгі алушы дәл осы банк болатынын барлығы көрсетіп тұр.
Оған былтырғы қараша айында Bloomberg агенттігіне берген сұхбатында Нұрсұлтан Назарбаев Қазкоммерцбанкке көмек беруге уәде бергені көрсетіп тұрғандай. Біз оны жұмыс істейтін жағдайға шығаруымыз керек. Біз ол банктің құлауына жол бермейміз. Қазір әңгіме ол банкті сауықтыру туралы болып отыр. Біз қазір оған қатысты өте тығыз жұмыс жасаудамыз», - деп сендірді президент.
Елбасының айтуынша, үкімет қолдаудың екі нұсқасын қарастырып отыр: не акционерлер оның активтерін арттыру үшін қаражат табады, не банк мемлекеттік қолдау сұрайды. Және ПНҚ-ға Т2,1 трлн бөлгеніне қарағанда мемлекет екінші сценарийді іске асыруға кіріскен сыңайлы. Бірақ ҚКБ үкіметтен көмек сұрағаны-сұрамағаны туралы ақпарат жоқ. Оның үстіне былтырғы 26 желтоқсанда банк Т1,5 трлн алу туралы Ұлттық банкпен және үкіметпен ешқандай келіссөздер жүргізіп жатпағаны туралы хабарлады.
Еске салсақ, Қазком мәлімдемесі Bloomberg агенттігінің банк шұғыл түрде қарыз алды және ол банкті құтқару бойынша мемлекеттің Т1,5 трлн деп бағаланып отырған арнайы бағдарламасының басы болып табылады деген хабарына жауап ретінде болғанды. Сонымен қатар банк 14 жылтоқсанда «бүкіл әлемде стандартты түрде қолданылатын екінші деңгейдегі банктерге қысқа мерзімдік өтімділік беру жөніндегі процедураларға сай, Ұлттық банктен Т400,8 млрд мөлшеріндегі қысқа мерзімдік қарыз алғанын» растады.
Одан соң ҚКБ үкіметтен қаржылық көмек сұрап жүгінді ме, жоқ па – ол жағын білмейміз, бірақ дерек сол күйінде қалды.
2015 жылғы маусымның соңында Қазком Т630 млрд сомасындағы БТА несиелік желісін жылдық 9%-бен және $5,6 млрд сомасын жылдық 8%-бен 2024 жылғы 30 маусымға дейін, соңғысының деконсолидация аясында ҚКБ пен БТА арасындағы активтері мен міндеттерін бірден беру жөніндегі келісімшарт бойынша Қазком алдындағы қарыздарын төлеуге беретіндігін хабарлаған. Сол кезге мәміле сомасының пайыздық қатынасы «Қазкоммерцбанктің» активтерінің жалпы құнына шаққанда 49,8% құрады.
Бұл ретте БТА қарыздарын тоқсан сайын доллармен алынған қарыздарын $334,9 мың мөлшерінде , ал теңгелік қарыздарын Т37,68 млн мөлшерде қайтарып отырады, ал қарыздың қалғандарын несиелік желінің аяғына қалдырады деп жоспарланған болатын.


Бұл өзі сөз етуге тұрарлық па?


Сонымен, егер Қазкомның БТА-ға доллармен берген кредитін ағымдағы бағам бойынша теңгеге айналдырсақ, сосын оған теңгелік займ көлемін қоссақ, онда Т2,3 трлн, астам сома болады, бұл Проблемалы кредиттер қорына бөлінген қаржыдан Т200 млрд артық.
Бұл ретте, ескере кететіні, «Қазкоммерцбанктің» БТА-ға ұсынған займдары соңғысының кредиттік портфелінің жартысынан көбін құрайды. «Халық Финанс» инвестициялық компаниясының бағалауынша, БТА 2016 жылдың бірінші жарты жылдығында «кредиттік желі бойынша пайыздарды төлемеген немесе пайыздардың болар болмас бөлігін ғана төлеген, оған есептелген барлық пайыздық кірістерде БТА-дан пайыздық кірістердің үлесі жоғары бола тұра қолма-қол ақшамен пайыздық кірістердің жиналуының төмен болуы дәлел. Бұл туралы «Халық Финанстың» 2016 жылғы 21 қазандағы қарыздарға жасаған талдауында айтылған. Егер бұл солай болса, онда Қазкомның БТА-ға берген займдарының басым бөлігі жұмыс жасамайтын кредиттер санатына түседі, ал олар үшін тиісті провизия құру қажет, оның үстіне жаңа жылдан бастап жұмыс жасамайтын кредиттер тобына банктер қайта құрылымданған кредиттерді қосуға міндетті. Негізі, ондайға «Қазкоммерцбанктің» БТА-ға кредиттік желі бойынша 2015 жылдың маусым айында ұсынылған займдары да жатады. Бұл ретте, олардың тек қағаз бетінде ғана берілгеніне назар аудару керек, себебі олар негізі бөлініп шыққандағы Қазкомнан БТА-ға берілген стресстік кредиттері мен активтері болатын.
Соншалықты елеулі провизия жасағанға дейін банк капиталына қосымша қаржы салуды талап ететіні түсінікті. Алайда стресстік активтердің көлеміне қарасақ, акционерлерде ондай қаржы болуы неғайбыл. Тіпті ондай қаржы болғанда да, қосымша резервтердің болуы банктің бар шығындарын жабар еді, бірақ оның кредиттік белсенділігіне кері әсер етеді.
Сондықтан, осы санатта және осы себептен банктің стресстік активтерін Проблемалы кредиттер қоры сатып алу арқылы Қазкомға қолдау көрсету нұсқасы таңдап алынды. Енді бар мәселе ҚКБ оларды сата алатын, ал ПКҚ сатып алатын бағасында.
Бұл тұрғыда келесі сұрақ туындайды: бұл өзі сөз етуге тұрарлық па? Егер халықаралық тәжірибеге сүйенсек, барлық банктік жүйені тұрақтандыру тұрғысынан оның жауабы мақұлдау болады. Алайда Қазақстанда жиналған теріс, сондай-ақ жекелеген ЕДБ-ге мемқолдаудың оң тәжірибесінің жинақталып қалғанын ескерсек, бұл жолы мемлекеттік көмектің тиімді болатынына ешқандай кепілдік жоқ. Оның үстіне бөлінген қаржының бір кездері қайтатынына да ешқандай кепіл жоқ, ал олар болса 2017 жылға арналған бюджеттің шығыс бөлігінің жартысын құрайды.
Бірақ, жалғыз нақты айта алатын нәрсе, - мемлекеттің банктік салаға көрсетіп жатқан кезекті қаржылық қолдауының салдары қандай болады және ең басты құтқарылған кім болар екен, жақында білеміз.

Серіктестер