Назарбаев Арменияның ЕЭО-ға кіру мәселесін маусымда шешуді ұсынды

Date: 11:50, 29-05-2014.


Астана. 29 мамыр. ҚазТАГ - Бауыржан Мұқанов. Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) кіру мәселесін маусым айында шешуді ұсынды, деп хабарлады агенттік тілшісі.

«…Тиісті шешім қабылдауды тапсыру керек. Егер қойылған мәселелердің барлығы шынымен де шешілетін болса, онда мауысм айында 1 шілдеге дейін бұл мәселенің (Арменияның Еуразиялық экономикалық одаққа кіруі туралы - ҚазТАГ) шешілуіне тоқталайық», - деді Н.Назарбаев Астанада бейсенбідегі Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген отырысында.

Өз кезегінде Армения президенті Серж Саргасян 15 маусымға дейін уақыт беруді сұрады.

«Армения Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ шартына косылу туралы қол қоюына ағымдағы жылдың 15 маусымына дейін уақыт белгілеуіңізді сұраймын», - деді С. Саргасян.

«Уақыттың өте тығыз екенін түсінемін, сіздер дайын болсаңыздар біз 2-3 күнде біздер мен біздің әріптестеріміздің көңілінен шығатын өзара тиімді шешімге келеміз деп ойлаймын», - деп толықтырды ол.

С. Саргасян шартқа қол қойылғаннан кейін Армения 200-ге жуық заңнамалық актілер қабылдау қажеттігін айтты. Оған аз дегенде 6 ай қажет.

Сондай-ақ ол Арменияның ЕЭО-ға қосылуы туралы шарттың қысқа мерзім ішінде ұлттық парламентке ұсынылып, бекітілетініне уәде берді.

Share the news: