Аслан Болатов: МЖӘ институты – проблема емес, география мәселесі

Астана. 12 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстанда мемлекеттік-жеке меншік әріптестік (МЖӘ) механизмдерін дамыту алдыңғы қатарға шығарылған. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев МЖӘ инфрақұрылымды дамытуда, оның ішінде әлеуметтік тұрғыда негізгі механизмге айналуы және ірі жобаларды жүзеге асыруда бюджетке түсетін салмақты азайтуы тиіс деп бірнеше рет қадап айтқан болатын. Бүгінде аталған институт дамудың қай кезеңінде екені туралы ҚазТАГ агенттігіне берген сұхбатында «Kazakhstan ProjectPreparation Fund» ЖШС басқарушы директоры Аслан Болатов айтып берді.

- Аслан Болатұлы, еліміздегі МЖӘ тарихы 2005 жылы – концессия үлгісі бойынша екі жобаны жүзеге асыру туралы үкіметтің қаулысынан кейін басталды. Нәтижесінде Ақтөбе облысында электр желісі және Шар-Өскемен станциясы бағытында теміржол желісі салынды. Бір жыл өткен соң «Концессия туралы» алғашқы заң қабылданды. Бүгінде осы 14 жыл ішінде МЖӘ секторы қалыптасты деп айтуға бола ма?

- Әрине болады. Егер заң тұрғысында қарайтын болсақ, онда заңнамалық бөлік толығымен жасақталды деуге болады. «Концессия туралы», «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заң және заң актілері қабылданып, жетілдірілді.
Ал егер іс жүзіндегі жағдайға қарайтын болсақ, онда бізде жобалардың басым бөлігі «Концессия туралы» заңы аясында емес «Мемлекеттік-жеке меншік әріптестік туралы» заңның аясында жүзеге асырылып келеді. Басты себеп концессиялық негізінде аса ірі және қымбат жобалар жүзеге асырылатындықтан концессия реттеуді және түрлі бюракратиялық процедураларды қажет етеді. МЖӘ толығымен қалыптасқанына осы жылдар аралығында жүзеге асырылған көптеген жобалар дәлел бола алады. Бүгінде Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында шамамен 2 трлн теңгеге 449 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 9 жоба республикалық, қалған 440 аймақтық деңгейде жүзеге асырылуда. Ал, дайындық барысында шамамен жалпы сомасы 1,5 трлн теңге болатын 700 жоба бар.

- МЖӘ жұмыс істеп жатқан жобаларын сараптайтын болсақ бизнес үшін қай сала және не себепті тартымды болып отыр?

- Аса тартымды сала – білім беру. 2018 жылдың қорытындысы бойынша аталған сала бойынша 286 МЖӘ келісімі жасалды, оның басым бөлігі мектепке дейінгі білім саласына тиесілі. МЖӘ негізінде жекеменшік балабақшалар жылдам дамып келеді. Олардың бірі ғимаратын жаңадан салса, екіншісі бизнеспен жалға алады. Ал орта білім саласында МЖӘ соншалықты танымал емес. себебі мектепке дейінгі білім саласы ақылы және ол нарық жақсы қалыптасқан. Ал орташа білім саласы тегін, көптеген мемлекеттік мектептер болғандықтан нарық ретінде дами қоймады.
Екінші орында денсаулық сақтау саласы – түрлі емханалар, стационарлар, кішігірім ауруханалар. Үшінші орын – мәдениет және спорт нысандарына тиесілі: спорт мектептері, залдар, өзге спорт нысандары. Яғни, даму мен бизнес қызығушылығы нарық бар жерде және халық қызметке төлеуге құлықты салаларда бар.

- Бүгінде МЖӘ – жобалары бойынша қандай салалар көш соңында қалып отыр? Не себепті?

- Бүгінде ешқандай МЖӘ-жобасы жүзеге асырылмайтын сала – тұрғын үй коммуналдық шаруашылық саласы. Бұл сумен қамтамасыз ету, суды бұру, қоқысты өңдеу және т.б. Инвесторлар үшін бұл саланың тартымды болмауының себебі олардың қызметтерін табиғи монополия субъектілері жүзеге асырады және бағаны мемлекет өзі реттеп отырады. Аталған салаға құйылған инвестициялар тек тарифтерді көтерген жағдайда ғана өзін өзі ақтауы мүмкін. Өз кезегінде жергілікті халық үшін бұл қиындықтар туғызады. Адамдар ТКШ қызметтері тарифтерінің көтерілуіне дайын емес. Мемлекет реттеудің тиімді жолын таппақшы, халықты да қинамай, бір жағынан инвестицияларға қолдау көрсетпекші.
Инвесторлар тарапынан сұранысы төмен екінші сектор – әуежайлар. Мұнда жолаушылар айналымының төмендігі басты себеп болып отыр. Бұл жағдай Қазақстанның транзиттік тасымалын арттыру және жаңа әуерейстерін қосу туралы жоспарға сәйкес өзгереді деген ойдамын.

- МЖӘ институты енгізіле бастағанда шенеуніктер бір ауыздан тек заңнамалық базаны жасақтау керек, сосын отандық және шетелдік инвесторлар өздері ағылады деп сендірген болатын. Алайда айтарлықтай серпіліс болмады. Проблема неде?

- Мен оны проблема демес едім. Алайда аталған бағыттың дамуына әсер ететін бірқатар жағдай бар. Негізгі қиындық – география. Біздің МЖӘ негізінде авто-теміржол саласында жүзеге асырғымыз келетін көптеген жобаларымыз бар. Бұл жобаларда инвестициялар трафик пен жолаушылар айналымы негізінде өзін өзі ақтап шығады. Мәселен, Еуропада халықтың орналасуы өте тығыз және МЖӘ негізіндегі жобалар жылдам салынған инвестицияны тез қайтарады. Қазақстанда жағдай керісінше жер көлеміміз үлкен және халық аз. Бұл ретте тек трафикпен инвестицияны қайтарып алу ұзаққа созылады. Сондықтан да осындай әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыруда мемлекет субсидия түрінде немесе инвесторға шығынын қайтарып беру арқылы қолдау көрсеткені жөн болады. Тағы бір қиындық әлемдік қаржылай дағдарыс. Ірі жобалар қомақты қаражатты қажет етеді, ал отандық инвесторлар ондай қаржыны бере алмайды. Сәйкесінше ауқымды жобаларды жүзеге асыру мақсатында шетелдік инвесторлар іздестіріледі. Олар өз инвестициясын шетелдік валютамен жасайды. Бұл ретте мемлекеттік және аймақтық бюджет валюталық тәуекелдерді өз мойнына ала алмайды. Осылайша аталған жобаларды жүзеге асыру біз ойлағандай жүзеге асырылмауда.

- МЖӘ институтын билік өкілдері бизнес үшін әлеуметтік секторда табысты механизм ретінде дәріптеп келді. Бүгінде қолдағы бар секторларды алып қарайтын болсақ бизнес «табысты» түсіне алды ма?

- Рас, біздің жобалар тіпті инфрақұрылымдық жобалар әлеуметтік сипатқа ие. Және де аталған жобаларды жүзеге асыру барысында халықтың төлем қабілеті де соншалықты жоғары емес. Сонымен қатар бізде қызметті сатып алу мәдениеті жоқ, мысалы, медициналық қызметті сатып алу еуропалық елдермен салыстырғанда соншалықты дами қоймады.
Сондықтан да бизнес кенелуі керек табыстың көзі қандай жағдай болмасын мемлекеттік бюджет болып қала бермек. Әлеуметтік жобалар аймақтық болып табылады, яғни балабақшалар, ауруханалар, мектептер мен емханалар коммуналдық меншікте және де олар бойынша шығынның қайтарылуын және табыс табуды жергілікті бюджет кепілдендіруге міндетті болады. Сәйкесінше жобаларды жүзеге асыру жергілікті бюджеттің мүмкіндіне сәйкес болады. Ал аймақтардың мүмкіндігі тайға таңба басқандай анық. Мысалы, Қостанай облысында МЖӘ негізінде бірде-бір балабақша жоқ, ал Алматы бұл сегментте көш бастап тұр.

- Қазақстанда МЖӘ институты жақын 30 жылда қалай дамитынына болжам жасасаңыз.

- Барлығы экономикаға байланысты – ішкі және әлемдік экономикаға, халықтың табыс көлемінің артуына және халық санының артуына байланысты. МЖӘ бізде дамып келеді, заңнама жетілдірілуде, ЕҚҚДб, АДБ – халықаралық қаржы институттары жобаны жобалау мен жасақтау бойынша өз тәжірибелерін енгізе отырып белсенді кіруде. Жалпы, бұл мәселеде әлемдік экономика басты рөл атқарады. Қазақстанның 2050 жылға қарай әлемнің дамыған 30 елінің қатарына ену бойынша стратегиялық жоспары бар. Бұл жоспар жүзеге асатын болса онда елімізге инвестициялар да ағылады, сәйкесінше МЖӘ негізіндегі жобалар үшін де инвестициялар артады.

- Жауаптарыңызға рақмет!

ҚазТАГ ХАА анықтамасы: «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымы – «KazakhstanProject Preparation Fund»ЖШС (KPPF) 2014 жылы құрылды. KPPF мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға белсенді түрде жәрдемдеседі және экономиканың шикізаттық емес салаларындағы жобаларды қолдау жолымен бәсекеге қабілеттілікті жақсартуды мақсат етеді.

adimage