Дмитрий Калмыков ҚР-дағы ұсынылып отырған АЭС құрылысы туралы: Біз мұндай сынаққа дайын емеспіз

Күні: 16:49, 12-04-2019.

Алматы. 12 сәуір. ҚазТАГ – Кемар Машанло. Кремльдегі РФ Президенті Владимир Путинмен ҚР-ның жаңа президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен өткен кездесудегі ресейлік технология бойынша Қазақстанда атом электрстанциясын салу туралы ұсыныс қоғамдық пікірге жан бітірді, түйіні тарқамаған көптеген мәселелердің шетін шығарды.
Бұл қалыпты жағдай, себебі Қазақстанда АЭС салу туралы мәселе 20 жыл бойы айтылып келеді, тіпті үкімет тарапынан бірқатар қадамдар да жасалды, алайда олар бірін бірі жауып отырды десе де болады.
Мәселен, 2014 жылы «Росатом» мен «Қазатомөндіріс» Курчатовта АЭС салу туралы меморандумға қол қойды, жоба 2018 жылы жүзеге асырылады деп жоспарланған. Екі жыл өткен соң ҚР энергетика министрі Қанат Бозымбаев елдегі электр энергия көлемі шамадан тыс көп және АЭС салу кем дегенде жеті жылға шегеріледі деп мәлдімдеме жасады. Алайда, 2017 жылы ол Атом электр станциясын салу бойынша техникалық-экономикалық негіздеме жасалып жатыр және содан кейін шешім қабылданады, деп хабарлады.
Ал дәл сол жылы Астанада өткен ЭКСПО-2017 - «Болашақ энергиясы» көрмесінде Қазақстан күллі әлемге электрэнергияны үнемдеуге, энергияның баламалы көздерін пайдалануға бағыт ұстанып отырғанын жариялады.
Осы ретте жоғарыдағы басшылардың «ұстанымы жоқ» ұстанымы әлеуметтік желілерде көптеген сұрақтарды тудырып отыр, яғни электр энергиясы шамадан тыс көп болса атом электр энергиясын қайтеміз дегендей?
Осы ретте, кей мәселелер бойынша тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығару үшін ҚазТАГ танымал қазақстандық сарапшы, Қарағанды облыстық экологиялық мұражайды дамыту жөніндегі директор Дмитрий Калмыковтан аталған мәселенің ақ- қарасын ажыратуды сұрады.

- Құрметті, Дмитрий Евгеньевич, жақында ғана ҚР энергетика министрінің орынбасары Мағзұм Мырзағалиев Қазақстанда АЭС салуға ыңғайлы аймақ Алматы облысы дей келе, оның құрылысы бойынша нақты шешім қабылданбағанын хабарлады. «Бізде электрэнергия шамадан тыс көп, жеткілікті», - деп баса айтты.
Біздің шенеуніктер еліміздегі энергияның шамадан тыс көп екенін біле тұра аталған нысанға деген қажеттіліктің қаншалықты екенін білмей дал, осы ретте сізде қандай ой қалыптасып отыр?

- Рас, бір-бірімен қарама қайшы. Мемлекет қоғамға электрэнергияның жетпей отырғанын көрсетуі керек.
Шынымен де осындай мәлімдемелерді тыңдай отырып, қарапайым халықта энергияның шамадан тыс екенін біле тұра осындай қымбат, экологиялық тұрғыда тәуекелі жоғары АЭС нысанын салуда қандай қажеттілік бар деген сұрақтар туындайды. Егер орта мерзімде электрэнергия шамадан тыс көп қажет ететін жобаларды жүзеге асыру жоспарланған болса, онда оларды саусақпен санап тұрып көрсету керек.
Мәселен, жасыл экономикаға бағыт ұстанып отырсақ та қолданыстағы электрэнергиясн үнемдеу бойынша жобалар қыруар қаржыландыруға қарамастан сәтсіз шықса немесе өзін өзі тауысса халыққа оны дәлелдеу керек, сонда оларда бізге не себепті жаңа атом электрстанциясы керек деген сұрақ туындамайды.

- Ресми хабарламаларда айтылып жүргендей Қазақстанда атом электрстанциясы салынады деп есептесек «лас энергияға» негізделген ірі өндіруші қуаттылықтар – «көмір шахталары, мазут, дизелді отынмен» не істейміз деген сұрақ туындайды?

- Мойындау керек, атом электр станциялары өзінің технологиясы бойынша көмірге қарағанда қоршаған орта үшін қауіпсіз болып келеді.
Біздің көмір энергетикамыз өте лас. Алайда атом станциясының орнына қолданыстағы көмір энергетикасын жаңғыртқан жөн шығар, осылайша оны Еуропадағыдай таза етсек болады емес пе. Қазақстанның көмір қоры жүздеген жылдарға жетеді және біз одан жақын арада бас тартпаймыз. Оның үстіне бізде газ жоқ.
Түтіндеген ЖЭС-тарды біз АЭС қосылғаннан кейін бір күнде жаба алмаймыз, бұл ретте көмір шахтасының біреуін жаппас бұрын есептеулер жүргізу керек. Он мыңдаған адам жұмыссыз қалады, жаңа өндіріс іске қосылады. Жалпы, АЭС салу қомақты қаражатты қажет етеді. Өзбекстанда салуды жоспарлап отырған РФ-ның атом станциясының құрылысы 11 млрд доллар шамасында болады. Осы ретте, мұндай қаражатты, я болмаса оның бір бөлігін «лас» өңірлерді қайта бейімдеуге, оларды көмір мен мазуттан басқа жаңартылған энергия көздерін тұтынуға көшіруге жұмсаған жөн болар.
Соңғы 15 жылда әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай: энерготиімділік пен энергоүнемдеуге инвестициялаған жағдайда жаңа өндіріс қуаттылығын іске қосқаннан гөрі көбірек электр эенергия аламыз. Мысалы, 1 млн доллар энерготиімділікке инвестициялайық, сонда біз сол миллионды электрстанцияның құрылысына инвестициялағаннан көбірек энергия аламыз.
Осылайша, мен АЭС салмас бұрын артымыздан еріп келе жатқан проблемаларды шешуге назар аудару керек дер едім.

- Қазақстанда АЭС қаншалықты қауіпсіз салынады, қызмет көрсететін персоналдың біліктілігі, Чернобыль мен Фукусимадағы трагедия қайталанбай ма деген сұрақтар адамдарды көбірек толғандыратын сияқты?

- Теориялық тұрғыда атом энергетикасы қаншалықты таза болғанымен, АҚШ, Жапония я болмаса Кеңес одағы да ядролық нысанның қауіпсіз жұмысына кепілдік бере алмайды, ал атом энергетикасы саласындағы қателіктік құны тым жоғары.
Оған жас күнімде Чернобыльдағы апаттың салдарын жоюға атсалысқан кезде көзім жетті. Онда көргенім тіпті болашағы зор атом жобаларын саралағанымда барлық жақсы және жаман жақтарын шынайы бағалауға мүмкіндік берді.
Өз басым атом энергетикасы дұрыс жұмыс істеп тұрса көмірден таза екенін түсінемін. Алайда адамдар оны қауіпсіз пайдалануға дайын емес. бірде жұмыс істесе, бірде жарылады…

- Дегенмен де, Қазақстанда салуға ұсынып отырған АЭС құрылысы туралы не ойлайсыз?

- Чернобыль мен Фукусимадағы АЭС құрылысы барысында инженер-атомшылар орын алуы мүмкін барлық катаклизмдерді қарастырған сияқты еді. Алайда екі станцияда да апат орын алды.
Чернобыль АЭС-тағы апатты азаматтар ақымақтықпен жасады. Инженерлер бұл станцияда сынақ жүргізген, барлық қорғаныс жүйелерін кезекпен өшіріп отырған. Нәтижесінде оны өздері сындырып тынған.
Жапонияда ақылды инженерлер апат болғанға дейін 10 жыл бойы үкіметке цунами болған жағдайдағы АЭС-тың қорғаныс саласындағы осал жерлері туралы хат жазып отырған. Алайда олардың ескертулеріне ешкім мән бермеген...
Яғни, табиғи катаклизмдер туралы қанша айтсақ та екі жағдайда да апат «адами фактордың» кесірінен орын алған. Оны тіпті ең қатал нұсқаулықтар да алдын ала біле алмаған.

- КСРО кезінде атом энергетикасы саласы үшін жоғары санаттағы инженерлер дайындалған. Қазақстанның жағдайында егер елімізде АЭС салынса қызмет көрсету үшін отандық мамандар табыла ма? Олардың біліктілігі заманауи атом энергетикасы нысанның басқару талаптарына қаншалықты сай келеді?

- Мойындауымыз керек, бүгінгі мамандарымыз кеңес атомшыларынан осал. КР-да АЭС салынғанымен біліктілігі жоғары қазақстандық мамандарды табу оңайға соқпайды, сондықтан көбіне ресейлік мамандар жұмыс істейтін болады. Сондықтан да біз мұндай сынақтарға дайын емеспіз. Осы ретте, аталған құрылыс қажет пе деп ойланған жөн. Жапонияның (жоғары технологиялы өндіріске бұл мемлекеттен артық кім дайын) өзі бұл сынаққа төтеп бере алмағанда біз туралы не деуге болады.
Қысқасы, біздің мемлекет жеті рет емес, шешім қабылдамас бұрын 207 рет өлшеп барып кесуі тиіс. Қазақстанға қандай энергетика керек екенін түсіндіру үшін меморгандар мен қоғам қажетті ақпаратпен қамтамасыз етілуі тиіс. Бірлесе отырып талқылап, болашаққа қажет жеке атом энергетикамыздың тексерілген ұзақ және жақын мерзімге қажет бағдарламасын жасақтаған жөн.

- Алматы облысы Үлкен ауылының маңындағы Балқаш өзенінің жағасы - Қазақстандағы АЭС үшін таңдалынып алынған жер қаншалықты лайықты? Бүгінде бұл өзеннің ішінде Балқаш металлургия комбинатының зиянды қалдықтары онсыз да көп. «Ғасыр құрылысы» көптеген ғасырлар бұрын пайда болған қалдық көлдің бірегей экожүйесіне үлкен соққы болмай ма?

- Тәуекел жоғары. Станция қалыпты жұмыс істеп отырғанда барлығы жақсы. Ал қалай сынып қалса бүтін бір аймақтан мыңдаған шаршы шақырымнан мәңгілікке айырыламыз. Чернобыль мен Фукусимадағы жағдай осындай.
Ал, Балқашта АЭС салынып, онда апат орын алса тәуекел тіптен жоғары болады. Себебі Балқаш жабық су айдыны, яғни одан су еш жаққа ктепейді, демек өзенге радиоактивті заттар түсетін болса онда ол еш жерге кетпейді және оны қалыпқа келтіру мүмкін болмайды.
Ал, Фукусимадағы АЭС ашық Тынық мұхиттың жағасында, Чернобыльдағы жағдайда Днепрдың жағасында орын алды және бұл екі жағдайда да су ағып кетеді.

- Осы ретте, айта кетер болсам, қазақстандық АЭС-тың құрылысын жүргізу үшін билік өкілдері жалғыз балқаштық құрылыс алаңын ұсынған жоқ. Халық мамандар ядролық энергонысанның құрылысы үшін географиялық орынды қандай өлшемдерге сүйене отырып таңдауда және бұған дейінгі орындарды неге өзгертті деген сұрақтар толғандырып отыр.

- Қазақстанда АЭС салу бойынша бұл осымен сегізінші талпыныс. Бұған дейін ядролық нысанды құрылымдау және құрылысын жүргізу бойынша ресейліктермен бірлескен кәсіпорындар құрылған болатын. Ол үшін алаң ретінде Шығыс Қазақстан облысындағы Курчатов қаласы, Ақтау, Балқаш та көрсетілді. Осындай күрделі нысан үшін әр кезде әртүрлі орынның айтылуы көңілге күдік ұялатады. Ол кезде де бүгінде де бұл мәселеге қатысты нақты түсініктеме берілмеді.
Осының барлығы бұл мәселенің бос әңгіме және бізге оның керегі шамалы деген түсінік қалыптастырып отыр.
Бір жағынан қазақстандық және ресейлік президенттің кездесуінде орын алғандай АЭС-тың құрылысы тақырыбына қайта қайта оралу ресейліктердің пайда табу, өз инженерлерін бізге орналастыру мүмкіндігін жіберіп алмау үшін тырысып жатқандай ой қалдырады.

- Сұхбатыңызға рақмет!


Жаңалықтармен бөлісу: