Сарапшы пікірі: Қазақстандағы жұмыс күшіне шаққандағы 4,8% жұмыссыздық деңгейі сұрақтар тудыртады

Күні: 09:50, 20-05-2019.

Алматы. 20 мамыр. ҚазТАГ  – Толқын Тәшімова. ҚР Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитеті беріп отырған Қазақстандағы жұмыс күшіне шаққандағы 4,8% жұмыссыздық деңгейі көптеген сұрақтарды тудыртады, деп есептейді ҚР Тұңғыш президенті қоры жанындағы Әлемдік экономика мен саясат институтының (ӘЭСИ) сарапшысы Айман Жүсіпова.
«Біріншіден, мәселе статистиканың өзіне тән ерекшелігіне байланысты. Сонымен, қазақстандықтардың басым бөлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қатарына жатқызылған, осы ретте олардың қызмет түрі мен табыс көлемі әртүрлі деңгейде. Олардың қатарына өзінің кәсіпорны бар кәсіпкер, тиімсіз жұмыспен қамтылған азамат та, кейде табысы ең төменгі күн көріс дейгейіне жетпейтін отбасылық шаруашылық қожалық та, айлықсыз жұмыс істейтін азамат та жатқызылған», - деп ҚазТАГ үшін Жүсіпова ҚР ҰЭМ статистика комитетінің хабарламасына түсініктеме берді. Бағалау бойынша, 2019 жылдың сәуір айында Қазақстандағы жұмыссыздардың саны 442,5 мың адамды құрады, жұмыссыздық деңгейі – жұмыс күшіне шаққанда 4,8%.
Жалпы, тиімді және тиімсіз өзін-өзі жұмыспен қамтығандарды анықтау табыс деңгейіне қарай негізделеді.
«Егер табысы 28 мыңнан жоғары болса, олар өзін өзі тиімді жұмыспен, ал ең төменгі күнкөріс деңгейінен табысы аз болса онда олар тиімсіз жұмыспен қамтылғандар қатарына жатқызылады. Экономистердің бағалауы бойынша, бүгінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың басым бөлігі – табыс деңгейі төмен азаматтар», - деді сарапшы агенттікке берген сұхбатында.
Екіншіден, спикер толықтырып кеткендей, азаматтың жұмыссыздар қатарына жатқызылуы үшін оның жұмыспен қамту орталығына немесе «электронды үкімет» порталы арқылы тұрғылықты жері бойынша жұмыссыз ретінде тіркелуі маңызды рөл атқарады.
«Көптеген азаматтар бюракратиялық процестердің кесірінен және ұсынылатын жұмыс күткендей болмайды деп сенгендіктен тіркелгісі келмейді», - деп толықтырды Жүсіпова.
Халықты жұмыспен қамту орталығындағы қазақстандықтарды жұмысқа орналастыру механизмі қаншалықты жан-жақты ойластырылған және ол басты проблема емес пе деген сұраққа сарапшы «сөзсіз бар гәп сонда», деп жауап қайтарды.
«Көбіне ұсынылатын жұмыс орындары азаматтың біліктілігіне сай келмейді. Оның үстіне егер азамат орталық ұсынған үш жұмыстан бас тартса және жұмыстың өзіне сай келмейтіні туралы ескертпесе, ол автоматты түрде жұмыссыздар қатарынан шығарылады», - деп толықтырды ол.
Спикер атап өткендей, өз кезегінде жергілікті орган азаматты ол хабарласқан сәттен бастап 10 күн ішінде жұмысқа орналаспаған жағдайда ғана жұмыссыз ретінде тіркейді.
«Оның үстіне жұмыссыз туралы анықтама бір айға ғана беріледі. Жәрдемақы алу үшін қажет болған жағдайда әркез анықтаманы жаңадан алып тұру керек болады. Ал, жұмысқа орналастыру мен қарастыру саны шектеулі», - деді Жүсіпова.
Ол сендіріп кеткендей, билік тарапынан жұмыссыздық проблемасын елемеудің салдары ауыр болмақ.
«Экономикалық және экономикалық емес тұрғыда, жеке және қоғамдық деңгейде салдары күтпеген жағдайларға алып келеді», - деп сендірді ол агенттікті.
Экономикалық тұрғыда айтатын болсақ, ол азаматтардың табыс деңгейі мен бюджетке салық түсімінің азаюына, мемлекеттік шығындардың өсіміне, білікті жұмыс күшінің азаюына, ЖІӨ төмендеуіне алып келеді.
«Нәтижесінде ел экономикасы өндірістік мүмкіндіктерді, ресурстық әлеуетті толыққанды қолданбағандықтан жиырылады», - деді ол.
Оның пайымынша, жұмыссыздық салдары әлеуметтік тұрғыда да ауыр болмақ.
«Жеке адам деңгейінде қарастыратын болсақ ауру мен өлім-жітім көбейеді: психологиялық стресс, жүйке, жүрек-тамыр аурулары артады. Тағы бір салдары, шаңырақ шайқалып, қылмыс деңгейі артады, азаматтардың әлеуметтік емес әрекеті дами түседі. Ғалымдар атап өткендей, ұзақ уақыт бойы жұмыссыз болу азаматтардың өзіне деген құрметін жоғалтуға, қайтадан жұмысы бар адамдар қатарына қосылуына және өзін толыққанды адам ретінде сезінуіне кедергі келтіреді», - деді сарапшы.
Қоғамдық деңгейде, әлеуметтік шиеленістің күшеюіне алып келеді, тіпті саяси төңкеріске алып келуі де бек мүмкін.
«Жалпы, жұмыссыздық жалғаса берсе қоғам кері кетеді – қылмыс, маскүнемдік, қоғамдық моральдың төмендеуі, отбасылардың ажырасуы, психикалық ауытқулар арта түседі», - деп атап көрсетті спикер.
Мемлекет бұл тұрғыда не істей алады деген сұраққа, біріншіден жұмыссыздық деңгейі бойынша шынайы статистика беруі тиіс, екіншіден, азаматтардың жұмыссыз ретінде тіркелуіне жағдай жасауы керек, Жүсіпованың айтуынша, осының өзі аз емес.
«Жұмыссыздық деңгейі бойынша шынайы статистика беру үшін халықты өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатқызудың критерилерін нақтылап алған жөн. Атап айтқанда, олардың қатарынан өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтығандарды және отбасылық қожалықта жұмыс істейтіндерді алып тастау керек. Сонымен қатар жұмыссыздар қатарына жұмысты ресми түрде іздеп жүргендермен, жұмыс таба алмай көңілі қалып, жұмыс қарастырмай жүргендерді де жатқызу керек», - деп ұсынды сарапшы.
Жұмыссыз мәртебесін алуға азаматтардың орталыққа жүгінуі үшін не істеу керек деген сұраққа да сарапшы жауап беруге тырысты.
«Біріншіден жұмыспен қамту орталықтары тиімді жұмыс істей бастағаны жөн, екіншіден жекеменшік жұмыспен қамту агенттіктерін тартқан дұрыс болады», - деді спикер.
Оның айтуынша, жұмыспен қамту орталықтары жұмыс беруші мен жұмыс іздеп жүргендерге кешенді қызмет көрсетуі тиіс.
«Оның ішінде түрлі бағыттағы оқу бағдарламалары да бар. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, мұндай қызмет түрі бизнеспен, жұмыс берушілермен тығыз байланыста жұмыс істеген жағдайда өз нәтижесін береді және біліктілігі жоғары мамандардың мүмкіндігін арттырады. Бүгінде осындай мүмкіндік Қазақстанда да бар. Мәселе оның тимділігінде және болашақ жұмысшылардың алып отырған білімінің сапасында», - деп толықтырды Жүсіпова.
Сарапшы атап көрсеткендей, АҚШ-та әр 2 жыл сайын шығарылып отыратын «Сұранысы жоғары мамандықтар бойынша салалық анықтама» аналогы бойынша елімізде сұранысқа ие мамандықтар туралы ел азаматтарына толыққанды ақпарат берілуі тиіс.
«Осындай анықтама электронды үлгіде қызығушылық танытқан барлық азаматтар үшін қолжетімді болуы шарт, сонымен қатар онда әр мамандық бойынша қандай ортада жұмыс істеуге тура келетіні және елімізің қай өңірінде сала бойынша қандай жұмыс орындары бар екені туралы ақпарат болуы шарт. Үйде отырып жұмыс істегісі келетіндер үшін де ақпарат ұсынылуы керек. Қазақстандағы ішкі көші-қон еш басқаруға келмейді және ол экономикалық фактор мен жұмыс іздеуге байланысты болып отыр, сондықтан бұл жұмыстарды үйлестіре отырып жүзеге асырған маңызды», - деп түйіндеді Жүсіпова.
Естеріңізге сала кетейік, ҚР ҰЭМ статистика комитетінен хабарлағандай, бағалау бойынша Қазақстанда 2019 жылдың сәуір айындағы жағдай бойынша жұмыссыздар саны 442,5 мың адамды құрады, жұмыс күшіне шаққандағы жұмыссыздық деңгейі – 4,8%.
Статмәліметтерге сәйкес, ресми түрде тіркелген жұмыссыздар саны 160,7 мың адам. Жұмыс күшіне шаққандағы тіркелген жұмыссыздар үлесі 1,8% құрады.


Жаңалықтармен бөлісу: