Құрбан айт қарсаңында ең арзан қой Өскеменде, ал ең қымбаты - Астанада - мониторинг

Күні: 12:50, 29-08-2017.

Алматы. 29 тамыз. ҚазТАГ – Құрбан айт қарсаңында ең арзан қой Өскеменде, ал ең қымбаты – Астанада екенін ҚазТАГ тілшілері қой бағасына жүргізген мониторингі көрсетіп отыр.
Қой етінің 1 килограммы Т900-ден Т1,3 мың аралығында, демек, қойдың салмағына қарай бағасы Т18 мыңнан Т35 мың аралығында, деп хабарлайды Өскемендік тілшілер.
Бұл ретте Қазақстан бойынша құрбандыққа сойылатын қой бағасы Т25-35 мың аралығында екен.
Оралда қойды Т20-25 мыңға сатып алуға болса, Алматыда еділбай тұқымды қойды Т22 мыңға, Қостанайда – Т23 мың, Талдықорғанда Т30 мыңға сатып алуға болады.
Биыл қой ең қымбат сатылып жатқан өңірлер Қазақстанның батыс облыстары мен Астанада – онда қойдың бағасы Т40 мыңға дейін барады.
«Таразда тоқтыны 20 мыңға, орташа қойды – 25 мыңға, үлкенін 30-35 мыңға сатып аласыз. Семіздігіне қарай. Құрбандыққа әдетте былтырғы төлдерді 25-30 мыңға сатып алады. Баға былтырғымен бірдей десе де болады», - деп хабарлады өңірлік тілшілеріміз.
Атыраудың мал базарында тоқтылардың бағасы Т20 мың, екі жастағы қойлардың бағасы – Т20-40 мың аралығында.
«Құрбан айт басталғанда мал бағасы орташа алғанда 10-15% қымбаттайды», - дейді сатушылар.
Астанада қой бағасы Т25 мыңнан Т40 мың аралығында құбылып тұр.
Еске салсақ, биыл Құрбан айт 1 қыркүейкте басталып, 3 күнге созылады. Құрбандыққа мал шалу рәсімі 3 қыркүйекке дейін жалғасады.


Жаңалықтармен бөлісу: