1 шілдеден бастап Қазақстанда кедейлік шегінің айқындамасын өзгерту жоспарлануда

Астана. 4 наурыз. ҚазТАГ – 1 шілдеден бастап Қазақстанда кедейлік шегінің айқындамасы өзгерді, делінген еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің бұйрық жобасында.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2017 жылғы 31 тамыздағы № 290 «Кедейлік шегінің мөлшерін айқындау туралы» бұйрығына келесідей өзгерістер енгізілсін: 1 тармақ 3) келесі мазмұндағы тармақшамен молықтырылсын: «3) 2019 жылдың 1 шілдесінен бастап – атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70 пайызы мөлшерінде, тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады», - делінген ұсынылған құжатта.
Қолданыстағы бұйрықта Қазақстандағы кедейлік шегі атаулы әлеуметтік көмекке жүгіну тоқсанының алдындағы тоқсанға есептелген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызы мөлшерінде белгіленген.
«Егер көрсетілген кезең үшін жергілікті атқарушы органдар есептеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшерінен төмен болған жағдайда, онда кедейлік шегі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңмен бекітілген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 50 пайызынан төмен болмайтын мөлшерде айқындалады», - делінген қолданыстағы бұйрық мәтінінде.
Кедейлік шегінің аталмыш айқындамасы 2018 жылдың 1 қаңтарында қолданысқа енгізілген.
Қолданыстағы кедейлік шегінің айқындамасын өзгерту туралы бұйрық жобасы 14 наурызға дейін бұқаралық талқылауға шығарылды.

adimage