18 сәуір күні өтетін жалпықалалық сенбілікке шамамен 92 мың астаналық қатысады

Күні: 14:01, 09-04-2015.

Астана. 9 сәуір. ҚазТАГ – 18 сәуір күні өтетін «Біз таза қаланы қолдаймыз!» жалпықалалық сенбілікке шамамен 92 мың астаналық қатысады, деп хабарлады Астана әкімдігінің баспасөз қызметінен.

«Елордада 13 сәуірден 13 мамырға дейін санитарлық тазарту, абаттандыру және Астана қаласының аумағын көгалдандыру бойынша көктемгі экологиялық айлық өтеді. Ал, «Біз таза қаланы қолдаймыз!» жалпықалалық сенбілігі 18 сәуірде өтеді», - деп көрсетілген бейсенбіде әкімдік сайтындағы хабарда.

18 сәуір күні өтетін жалпықалалық сенбілікке шамамен 92 мың адам, 5 мың кәсіпорын мен ұйым, 45 жоғары және орта мамандандырылған оқу орны, 124 мектепке дейінгі және жалпы білім беру мекемесі, 58 денсаулық сақтау мекемесі, 161 мемлекеттік мекеме, ведомство және ұлттық компаниялар қатысады, 460 жуық техника жұмылдырылмақ. Сенбілікке қатысушылар қажетті құралдар (күрек, тырма), қолғап және қоқысқа арналған қаптармен қамтамасыз етіледі.

«Студенттер мен әскери бөлімшелердің әскери қызметкерлерін тарта отырып, Есіл, Ақбұлақ және Сарыбұлақ өзендерінің арнасын қоқыс пен тұрмыстық қалдықтардан тазарту бойынша экологиялық акциялар өткізілмек. Сонымен бірге, 2 316 көшет отырғызу жоспарланған», - делінген әкімдік хабарында.

Жалпы экологиялық айлық аясында қала аумағын санитарлық тазарту, көшелерді, жаяужолдарды, орамішілік аумақты тазалау, сел және арық канализацияларын тазарту; саябақтар мен гүлзарлардағы жасыл көшеттерді күту бойынша маусымдық агротехникалық жұмыстар жүргізу, көгалдар мен гүлдіктерді орналастыру шараларын жүргізу; рұқсат етілмеген қоқыс тастау орындары мен лас жерлерді жою жоспарланып отыр.


Жаңалықтармен бөлісу: