28 желтоқсан Алматы түбіндегі ұшақ апатында қаза болғандарды жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды

Астана. 27 желтоқсан. ҚазТАГ – 28 желтоқсан Алматы түбіндегі ұшақ апатында қаза болғандарды жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз қызметінен.
«Алматы облысының Талғар ауданында жолаушылар ұшағының апат болуы салдарынан адамдардың қазаға ұшырауына байланысты 2019 жылғы 28 желтоқсанда Қазақстан Республикасында жалпыұлттық аза тұту жариялансын», - делінген жұмадағы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығында.
Еске салсақ, 27 желтоқсанда 07.22-де Алматы-Нұр-Сұлтан бағытындағы Bek Air әуекомпаниясының №Z2100 рейсі ұшу барысында биіктіктен жоғалып, бетон қоршауды бұзып, екі қабатты нысанға соққан. Шұғыл түрде құтқару жұмыстары басталды, өрт болған жоқ. Жалпы барлығы бортта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
Соңғы ақпар бойынша, қаза тапқандар саны -15, зардап шеккендер саны – 12 (сегіз ересек, төрт бала). Қаза тапқандар арасында Informburo.kz интернет-порталының журналисі Дана Круглова мен Қазақстан генералдар кеңесінің төрағасы Рүстем Қайдаров бар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен премьер-министрдің төрағалығымен үкіметтік комиссия құрылды.
Мемлекет басшысы ұшақ апатында қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
«Кінәлілердің барлығы заңға сәйкес қатаң жазаланады», - деді Тоқаев.
ҚР ІІМ ҚР ҚК 344 бабы 3 бөлімі (әуе көлiгi жүрісі немесе оларды пайдалану қауiпсiздiгi қағидаларын бұзу) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, шұғыл-тергеу тобы құрылды.

adimage