Ақмола облысында астан кейін уланып инфекциялық ауруханаға жүгінген адамдар саны 44-ке жетті

Күні: 13:15, 02-03-2017.

Көкшетау. 2 наурыз. ҚазТАГ – Ақмола облысында дәмханада берілген астан кейін уланып инфекциялық ауруханаға жүгінген адамдар саны 44-ке жетті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Медициналық мекемелерге ыстығы көтеріліп, құсып, іші өтіп және іші аурып, әлсіздікке шағымданып 44 адам жүгінді. 44 науқастың 10-ы амбулаторлық ем алуда. Барлық науқастардың жағдайы қанағаттанарлық», - деді бейсенбі күні Ақмола облыстық тұтынушылар құқығын қорғау департаментінен.
Ведомство мәліметтерінше, тұтынушылардың құқығын қорғау жөніндегі Бурабай басқармасы судың және тағамдардың сынамасын алып, зертханалық тексеруге жіберді. Сондай-ақ марқұм болған жанның рухына бағышталып берілген асты дайындауға қатысқан адамдар анықталып, тексерілуде (сынамалар тексерліп жатыр).
«Болжанып отырған улану тетігі: дұрыс тамақтанбаудан, берілу жолы: тамақпен (жылқының еті)», - деді департаменттен.
Инфекциялық ауру ошағын оқшаулау және жою үшін аурухана бас дәрігеріне санитарлық-эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шаралар жүргізу туралы қаулы шығарылды. Асқа барған 113 үйді аралап, оларды тексеру ұйымдастырылды.


Жаңалықтармен бөлісу: