Ақмола облысында бірқатар көлдерге баруға тыйым салынды

Күні: 19:03, 20-07-2020.

Астана. 20 шілде. ҚазТАГ - Ақмола облысында бірқатар көлдерге баруға тыйым салынды, деп хабарлады агенттік тілшісі.
«Көбейтұз», «Теңіз», «Құрбет», «Қоржынкөл» және Ерейментау ауданының аумағында орналасқан барлық көлдерге баруға тыйым салынды, делінген 13 шілдедегі Ермейментау ауданының әкімі Абай Әлжанов өткізген жедел штаб отырысының хаттамасында.
Аталмыш шешім Ерейментау ауданының тұрғындары арасында COVID-19 ауруының көбеюіне байланысты Ақмола облысы бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 4 шілдедегі «Ақмола облысы аумағында коронавиурсты инфекция (COVID-19) ауруының таралуының алдын алу бойынша қатаң шектеу шараларын енгізу туралы» қаулысын орындау мақсатында және Ерейментау ауданы аумағындағы эпидемиологиялық жағдай тұрақталғанға дейін қабылданған.
Хабарда нақтыланғандай, Ерейментау ауданының әкімі мен мобильді мониторингтік топ демалыс кұндері халық көп жиналып жүрген «Көбейтұз» және «Теңіз» көлдерінде рейд жүргізіп, ауданда коронавирустың таралуына байланысты шектеу шараларын сақтау бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізді.


Жаңалықтармен бөлісу: