АҚШ Ауғанстандағы әскери миссиясын ресми тәмамдады

Күні: 10:21, 27-10-2014.

Алматы. 27 қазан. ҚазТАГ – АҚШ Ауғанстандағы әскери миссиясын ресми тәмамдады, деп хабарлады Ауған телеграф агенттігі (АуТАГ).
«Ауғанстанда Гильмент провинциясындағы Camp Letherneck әскери базасында АҚШ-тың Ауғанстандағы әскери миссиясы ресми аяқталды. Салтанатты рәсім барысында ҚҚКХК (Қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне көмек көрсетуші халықаралық күштер) штабының алдында базадағы АҚШ туы түсірілді. Енді Сamp Letherneck ауған қауіпсіздік күштерінің қарауына өтеді», - деп жазады агенттік.
Одан басқа, осы күні британиялық Camp Bastion әскери базасы өз миссиясын аяқтады.
Ауғанстандағы 13 жылдық соғыста 2234 американдық және 453 Ұлыбритания азаматы қаза болды.
Ауғанстан Ислам Республикасы мен АҚШ арасындағы қауіпсіздік туралы қол қойылған келісімге сай американдықтардың аздаған контингенті бейбіт миссия аясында ауғандықтардың қарулы күштеріне кеңесшілдік, оқытушылық және қолдау көрсетумен айналысады.


Жаңалықтармен бөлісу: