АҚШ билігі Эдвард Сноуденге рақымшылық жасау туралы ұсыныстан бас тартты

Күні: 09:57, 29-07-2015.

Алматы. 29 шілде. ҚазТАГ – АҚШ билігі Эдвард Сноуденге рақымшылық жасау туралы ұсыныстан бас тартты, деп хабарлады ТАСС.
«Эдвард Сноуденнің құпияны әшкерелеу туралы шешімі елеулі салдар тудырды, ол АҚШ-қа қайтарылып, сот алдында жауап беруі керек. Бұл туралы барлау қызметінің бұрынғы қызметкерін толық ақтап шығу керектігі туралы петицияға жауап ретінде жарияланған, АҚШ президентінің терроризммен күрес мәселесі бойынша көмекшісі Лиза Монаконың мәлімдемесінде айтылады», - делінген сәрсенбі күнгі хабарда.  
«Ол үйге, Америка Құрама Штаттарына қайтарылып, алқа билерінің алдында жауап беруі керек», - деп есептейді  Л.Монако.
Ол, «Сноуденнің құпия ақпаратты ұрлап алып, жариялап жіберу туралы қауіпті шешімі біздің елдің қауіпсіздігі үшін және күн сайын оны қорғау бағытында еңбек сіңіріп жүрген адамдар үшін елеулі салдар тудырды» деп еске салды.
2013 жылы жарияланған петицияға қазір 168 мың қол жинады.
Еске салсақ, АҚШ-та Э.Сноуденге құпия ақпаратты жариялағаны үшін айып тағылған болатын. Ол БАҚ-қа Американың ұлттық қауіпсіздік агенттігінің электронды аңду бағдарламасы туралы құжаттарды ұсынған, ал 2013 жылдың маусымында АҚШ-тан Гонконгқа қашып кеткен. Ол жақтан Мәскеуге ұшқан, мақсат - Ресей астанасы арқылы Эквадорға жету. Алайда ол РФ аумағында қалып қойған, себебі АҚШ билігі оның төлқұжатының күшін жойған. Э.Сноуден Мәскеудегі Шереметьево әуежайының транзиттік аймағында айдан астан уақытын өткізді.
Оған уақытша пана ұсыну туралы шешім негізінде ол бір жылға жуық уақыт Ресейде болған. Ол рұқсаттың мерзімі 2014 жылдың 1 тамызында аяқталды. Сосын Э.Сноуден үш жыл мерзімге РФ-да тұруға рұқсат алды.
2015 жылы Америка арнайы қызметінің бұрынғы қызметкері Эдвард Сноуден Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.


Жаңалықтармен бөлісу: