АҚШ Сириядағы Асадтың авиабазасына зымыран соққысын жасады

Күні: 09:37, 07-04-2017.

Алматы. 7 сәуір. ҚазТАГ – АҚШ қарулы күштері Сирияның Хомс провинциясындағы үкімет әскерлерінің авиабазасына 50-ден астам қанатты зымырандарын жіберді, деп хабарлады БАҚ-тар.
Мысалы, Reuters хабарлауынша, АҚШ қарулы күштері президент Башар Асадтың үкімет әскерлерінің авиабазасына «Томагавк» зымырандарымен соққы жасады. Барлық зымырандар Жерорта теңізіндегі АҚШ әскери кемелерінен атылды.  
Бұл ретте ВВС орыс қызметі хабарлағандай, Жерорта теңізіндегі кемелерден зымыранмен сириялық әскери авиабазадағы ұшақтар, ұшып-қонатын жолақ, жанар май құю стансасы сияқты нысандар атқыланыпты. Бұл ретте зымыран соққылары Сириядағы ресейлік әскери нысандарға қарсы бағытталмағаны қадап айтылады.
Хабарда айтылғандай, операция Идлибтегі химиялық шабуылға жауап ретінде АҚШ президенті Дональд Трамптың бұйрығымен жасалыпты.
«Мен бүгін Сирияның химиялық шабуыл жасаған авиабазасына нысаналы түрде соққы жасау туралы бұйрық бердім», - деді Америка президенті журналистерге.  
Зымыран соққысының нәтижелері мен зымыран тиген нысаналар туралы мәліметтер жоқ.
РБК хабарлағандай, соққыдан бірнеше сағат бұрын АҚШ президенті Сирияда химиялық қару қолдануына жауап ретінде әскери күш қолдану жолы қарастырылып жатқанын мәлім еткенді.
Ақ үй, Асадтың армиясы химиялық қаруды қолданғаны туралы дәлелдеріміз бар, деп мәлімдеді.
Мұның алдында АҚШ-тың БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Никки Хейли сириялық үкіметке қарсы шаралар қауіпсіздік кеңесінің санкциясын елеместен-ақ қолданыла алады деп мәлімдеген. Британияның да БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Мэттью Райкрофт «Біріккен Корольдік одақтастарымен бірге Сириядағы химиялық шабуыл құрбандары үшін әділ шешім қабылдайды» және «басқа жолмен әрекет етеді» деп мәлім еткенді.  
4 сәуірде сириялық Идлиб провинциясының оңтүстігіндегі Хан-Шейхун елді мекеніне химиялық шабуыл жасалды. Шабуыл нәтижесінде әр түрлі деректер бойынша 72-ден 100-ге дейінгі адам қаза болды, оның ішінде әйелдер мен балалар да бар. 500 адам жараланды. Бұл оқиғаға жауапкершілікті сириялық билікке жүктеп отыр.
5 сәуірде БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Хан-Шейхундағы оқиға бойынша қарар жобасын дайындауға кірісті. АҚШ, Франция мен Ұлыбритания өзіндік жоба ұсынды. Сонымен қатар ресейлік СІМ ол жобаны «антиресейлік» деп атады. Мәскеу пікірінше химиялық шабуылға айыпты террорлық топтар. Ресейлік дипломаттар ұсынылған құжатқа вето қоятындығын мәлім етіп, қарардың өзіндік жобасын ұсынды. Ол жоба «дерек нақты анықталмай тұрып, айыптыларды тағайындай салуға емес, нақты тексеру жүргізуге бағытталған».
Бұл ретте ресейлік БАҚ-тар хабарлағандай, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің мүшелері Сириядағы химиялық шабуыл бойынша қарар жобасын қарауды кейінге қалдырды, себебі «батыс үштігінің» жобасының негізінде тағы бір жоба ұсынылыпты. БҰҰ қауіпсіздік  кеңесінің тұрақты мүше-мемлекеттерінің біреуінің айтуынша, «біз тоғыстырғымыз келіп отырған үш жоба бар».  


Жаңалықтармен бөлісу: