Ақтөбе облысынан Қазақстанның киелі жерлер картасына «Қобыланды батыр», «Абат-Байтақ» мемориалдық кешені мен Хан моласы зиратын енгізу ұсынылады

Күні: 14:35, 10-07-2017.

Ақтөбе. 10 шілде. ҚазТАГ – Ақтөбе облысынан Қазақстанның киелі жерлер картасына 15 нысан, оның ішінде «Қобыланды батыр», «Абат-Байтақ» мемориалдық кешені мен Хан моласы некрополь-зиратын енгізу ұсынылады, деп хабарлады облыстық сыртқы байланыс және туризм басқармасынан.
«2007 жылы Қобланды батырға орнатылған мавзолей ХХІ ғасырда салынған осындай құрылыстардың ішінде теңдесі жоқ. Ол өзінің сәулет бейнесімен ерекше. Мавзолейдің биіктігі 17,5 м, кеңдігі – 12 метр. Сипаты жағынан мавзолей батырдың дулығасы мен қалқанын және қылышын еске салатындай», - деді басқарма бастығы Ермек Кенжеханұлы.
Қобыланды батыр зираты Қобда өзенінің сол жағалауында. 1995 жылы зират басына қабыртас орнатылып, бір жылдан кейін батырдың сүйектері қайта жерленген болатын.
Сондай-ақ картаға «Абат-Байтақ» мемориалдық кешенін енгізу ұсынылуда. Ол Қобда ауданындағы Бесқопа селосынан 12 км шығыста орналасқан. Ол ескерткіш ХІХ ғасырда ашылған, ал ХХ ғасырдың 50-70-ші жылдары ол ескерткіш ХІІІ ғасырдыкі және Алтын Орда заманына тән екені анықталды. Ескерткіш атақты философ Асан қайғының ұлы Абатқа арналған. Мавзолей биіктігі – 14,5 м. Ол Сары Қобда өзенінің бассейнінде орналасқан. Болжам бойынша алғашқыда алыстан жол сілтеп тұруы үшін күмбез алтын жалатылған көгілдір тастармен безендендірілген болуы мүмкін делінеді. Қазақстан аумағында «Абат-Байтақ» ескерткішіндей сақталған нысан жоқ.
Киелі жерлер картасына сонымен қатар Алия Молдағұлова ат. облыстық патриоттық тәрбие орталығы мен ХVІІІ-ХХ ғғ. Хан моласы зиратын енгізу жоспары бар.
«Ол зират Айтеке би ауданындағы Үлкейек және Қабырға өзендерінің қиылысынан 4 км жерде орналасқан қазақтың үлкен зираты болып табылады. Зираттың пайда болуын Кіші жүз ханы Әбілхайырдың 1748 жылғы Орта жүз сұлтаны Барақпен соғыста қаза болған жерімен байланыстырады. Хан жерленген жерде кейін үлкен зират пайда болып, оны Хан моласы деп атап кетеді», - дейді басқарма бастығы.  
Зират мыңнан астам қабіртастардан, қыш кірпіштермен қоршалған мавзолейлерден тұрады. Ол қазір тозығы жеткен, қорған төбелерге айналған.  


Жаңалықтармен бөлісу: