Алдағы үш күнде Қазақстанның басым аумағында жауын жаумайды

Астана. 21 тамыз. ҚазТАГ – 22-24 тамыз аралығында Қазақстанның басым аумағында жауын жаумайды, деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
«Қазақстан аумағы кезекті антициклон ықпалында. Ол антициклонның орталығы Қостанайдың үстінде. Сондықтан алдағы күндері синоптиктер Қазақстанның басым аумағында жауын жаумайды деп болжап отыр. Тек шығысы мен оңтүстік-шығысында атмосфералық тұтас ағым өтуімен күн күркіреп, өткінші жауын жауады және жел күшейеді», - делінген дүйсенбі күнгі синоптиктер болжамында.
Ауа температурасы түнде батыста, солтүстік-батыста +10+23 градус, күндіз - +27+38 градус, солтүстік пен орталығында, шығысында түнде +5+15, күндіз +23+25 градус, оңтүстік пен оңтүстік-шығысында, түнде +10+20, күндіз +22+35 градус.
Бұл ретте Қызылорда облысында дауылдық ескерту сақталады – 22 тамызда желдің екпіні 25 м/с болып, шаңды боран тұрады. Сондай-ақ Оңтүстік Қазақстан облысында да дауылдық ескерту жарияланған – 22-23 тамызда облыстың кей жерлерінде шаңды боран соғады, солтүстік-шығыстан 15-20 м/с жел тұрады, екпіні 23  м/с болады.

adimage