Алматылықтар ҚР орталық мұражайында атақты қазақстандық жазушылардың жеке мүліктерін көре алады

Күні: 18:19, 22-02-2017.

Алматы. 22 ақпан. ҚазТАГ – ҚР Мемлекеттік орталық мұражайында қазақтың көрнекті ақын-жазушыларының мерейтойлары қарсаңында ұйымдастырылған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесі өтеді, деп хабарлады мұражай баспасөз қызметінен.
Сәрсенбі күні таратылған хабарда айтылғандай, ҚР Мемлекеттік орталық музейінде 2017 жылдың 1 наурызы күні сағ. 15.00-де Дүниежүзілік жазушылар күніне орай, қазақтың көрнекті ақын-жазушылары – М.О. Әуезовтың 120 жылдық, Ғ.М. Мүсірепов пен Ғ.Мұстафиннің 115 жылдық, Д.Әбілев пен Ғ.Ормановтың 110 жылдық, Ә.Шәріповтың 105 жылдық және Ә.Нұршайықов пен С.Шаймерденовтің 95 жылдық мерейтойлары қарсаңында «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» атты көрме ашылады.
ХХ ғасырдың 40-50 жылдарында қазақ әдебиеті қанатын кеңге жайып, терең де кемел туындыларға қол жеткізді. Бұл кезеңдегі әдебиеттің дамуына қазақтың тұңғыш эпопеясын жазып, көркем прозаны классикалық деңгейге көтеріп, әдебиетке көркемдік қуат әкелген үздік туынды - «Абай жолын» жазған Мұхтар Әуезовтің қосқан үлесі зор. Сонымен қатар ұлттық прозаның елеулі жетістіктері – қазақ әдебиетінің алтын қорына қосылған шоқтығы биік туындылар – Ғ.Мүсіреповтың «Қазақ солдаты» (1945), «Оянған өлке» (1953) тарихи романы, Ғ.Мұстафиннің соғыстан кейінгі халық өміріндегі өзгерістерді бейнелеуге арналған «Миллионер» (1948) повесті, «Қарағанды» (1952) романы, Д.Әбілевтің драматургия саласындағы «Қарулас достар» (1948), «Майра» (1954) және т.б. туындыларының орны ерекше. Майдангер қаламгерлер – Ғ.Ормановтың «Көтерме» деген атпен жарияланған әңгімелер мен очерктерінің жинағы, Ә.Шәріповтің «Партизан қызы» (1961) романы, көркем проза жанрында сүбелі еңбек еткен Ә.Нұршайықовтың «Ма¬хаб¬бат, қызық мол жылдар», «Ақи¬қат пен аңыз» шығармалары, сондай-ақ кі¬таптары оқырман қауым мен сыншы¬лар¬дан жоғары бағасын алған С.Шаймерденовтің «Инеш» (1958) романын қалың оқырманның іздеп жүріп оқығаны баршаға мәлім. Олардың шығармаларында Отанға деген сүйіспеншілік, патриоттық рух, тіл мен дәстүрге құрмет, тарихқа адалдық сияқты тақырыптар көтерілді. Әдеби шығармашылықтары елдің қоғамдық-саяси өмірімен қатар өрбіді.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік орталық музейіндегі көрмелердің көктемдік маусымын ашуға арқау болған «Халық жүрегіндегі қаламгерлер» көрмесіне әдебиеттің түрлі жанрына қалам тартқан жазушылардың қазақ және араб әрпімен жазылған қолжазбалары, өздеріне тиесілі жеке заттары, олардың өмірі мен шығармашылығына қатысты бірегей жеке мұрағат материалдары, фото-құжаттары, хаттары, еңбектері мен марапаттары, сонымен қатар бюст, афиша, плакаттар мен иллюстрациялар қойылады.
Бүгінгі таңда ғылыми, мәдени мекемелерге, мектептер мен жоғарғы оқу орындарына, көшелерге жазушылардың есімдері берілген. Алматы қаласында мемориалдық музей-үйлері ашылып, ескерткіш тақталар орнатылған.
Көрменің салтанатты ашылуында белгілі қаламгерлер мен ұрпақтары естеліктерімен бөліседі.
Көрме 3-экспозициялық залға орналастырылған.


Жаңалықтармен бөлісу: