«Алтын домбра» ақындар фестивалінің жеңімпазы айтыскер Айбек Қалиев Т2 млн жүлде алды

Алматы. 9 желтоқсан. ҚазТАГ – «Алтын домбра» ақындар фестивалінің жеңімпазы айтыскер Айбек Қалиев Т2 млн жүлде алды, деп хабарлады «Нұр Отан» партиясының баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, «Нұр Отан» партиясы мен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен еліміздің Тәуелсіздік Күні қарасаңында Алматы қаласында «Алтын домбыра» атты ақындардың финалдық фестивалі шеңберінде «Тәуелсіздікке тағзым!» атты республикалық ақындар айтысы өз мәресіне жетті.
Бүгінгі күні қазақ жастары арасында айтыс даңқының асқақтай түскенін атап өткен жөн. Бұл жайында партияның баспасөз орталығында өткен брифинг барысында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли айтты.
Бұдан басқа, баспасөз конференциясына Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлығының иегері, ақын Жүрсін Ерман, «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысының гран-при жүлдегері павлодарлық Аспанбек Шұғатаев, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істер департаментінің басқарма басшысы Онаева Рига Талғатқызы қатысты.
«Нұр Отан» партиясы Доктринасының басым бағыттарының бірі ұлттық құндылықтарды дамыту және дәріптеу болып табылады. Бүгінгі күні қоғамда суырып салма ақындар институтының мәдени-әдеби және саяси рөлі артуда. Жас талантты айтыскерлер қатары көбеюде. «Нұр Отан» партиясы айтыстарда көтерілген әлеуметтік мәселелерді шешуге, оны қоғамның бірлігін бекемдеуге пайдалануға ерекше көңіл бөліп отыр», - деді  «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасарының кеңесшісі Берік Уәли.
Екі күндік шығармашылық марафон барысында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген ең мықты деген 22 айтыскер ақындар айтысында тапқырлық көрсетіп, осы жылы еліміздегі қол жеткен маңызды жетістіктерді атап көрсеткенін, сондай-ақ, қоғамның анағұрлым өзекті проблемаларын жырға қосқанын атап кеткіміз келеді.
Қорытындысында, Жансая Мусина, Қалижан Білдашев және Еркебұлан Қайназар әрқайсысы жүлдеге 500 мың теңгеден алып, үшінші орынды бөлісті. 1 млн теңге мөлшеріндегі ақшалай сыйлық екінші орын алған Иранғайып Күзембаевқа және Мейірбек Сұлтанханға бұйырды. 2 млн теңге болатын бірінші орын сыйлығын Айбек Қалиев иеленді.

adimage