Ғалымдар Ақтөбе облысында киіктердің қырылуының себебі анаэробтық энтеротоксемия деп тапты

Күні: 17:58, 27-05-2015.

Ақтөбе. 27 мамыр. ҚазТАГ – Ақтөбе облысында киіктердің жаппай қырылуының себебі анаэробтық энтеротоксемия, деп есептейді республикалық ветеринарлық зертхананың өңірлік филиалының мамандары.
Мамандардың пайымдауынша, қызыл кітаптық киелі жануарлардың жаппай қырылуы «шөп ауруы» деп аталатын кеселдің себебінен болып отыр. Оны тудырған осы өңірде жауынның нөсерлетіп жаууы. Көкті артығымен жеген киіктер токсиндермен уланып қалды.  
«Толық бактериологиялық сынама жасалды. Біз «анаэробтық энтеротоксемия» диагнозын қойдық. Меніңше бұл жерге малды жаймау керек. Келесі жылы да киіктер осы өңірге кіріп кетпеуіне шаралар қолдану керек деп ойлаймын», - деді «Республикалық ветеринарлық зертхана» РМК АФ директоры Сайфулла Зарманов.
Ырғыз-Торғай резерватында жағдай тұрақталғанымен және киіктердің өлімі тоқтағанымен мамандар оның қайталануынан секемденіп отыр.
Мамандар осы ауру анықталған жерлерді өңдеу керек деп есептейді.
Еске салсақ, «Ырғыз-Торғай» табиғи резерватында 17-сі мен 22 мамыр аралығында киіктердің бетпақдала популяциясының 3092 басы өлді.
АШМ мәліметтерінше, барлығы, Қостанай, Ақтөбе және Ақмола облыстарында 121 мың бас киік өлді.


Жаңалықтармен бөлісу: