Қарқаралыдағы Егіндібұлақ ауылында Аламан бәйге өтті

Күні: 15:46, 22-08-2017.

Қарағанды . 22 тамыз. ҚазТАГ - Қарағанды облысының Қарқаралы ауданының Егіндібұлақ ауылында Қазыбек би бабамыздың 350-жылдық мерейтойын атап өту кезінде Аламан бәйге өтті, деп хабарлады облыс әкімінің ресми сайты. Хабарда айтылғандай, жалпы бұл күні көптеген шаралар өткенді, оның ішінде ерекшесі, және келген жұртшылықтың ықыласпен тамашалағаны ат жарысы болды.
- Бүгін екі ат жарасы болады, оның бірі Топ бәйге, оған 23 ат тіркелді. Олардың барлығы мықты аттар, көптеген жарыстардың жеңімпаздары да бар. Екніші негізгі жарыс – Аламан бәйге, мұнда 46 ат тіркелген. Мұнда енді Қазақстанның барлық жұлдыздары келді деп айтуға болады. Атап айтсам, Аламан бәйгеге қатысып отырған аттар арасында 2015 жылы Алтын тұлпарды ұтқан Самал деген ат бар. Сондай-ақ ЭКСПО-ны ұтқан Бұйражол деген сәйгүлік бар, - дейді бас төреші Нұрлан Байтуллин.
Топ бәйгеге қатысушылар 16 шақырым шапса, Аламан бәйгеге қатысқандар 31 шақырым шауып өтті. Топ бәйгеге барлығы 23 ат тіркелгенімен, оның біреуі жарысқа қатыспай қалды. Ат жарысын көруге келгендер саны көп болды, көрермендер қатарында облыс әкімінің орынбарасары Жандос Әбішев, еліміздің тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, аудан әкімі Хәлел Мақсұтов та болды.
Демеушілер есебінен бас жүлдеге қойылған көліктер үшін жарыс өте қызықты өтті. Атап айтсақ данышпан бабаның торқалы тойының аламан бәйгесінің бас жүлдесіне «Джип» Toyota-LK-Prado автокөлігі тігілді. Аталмыш автокөлікті заң ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Бақтыбай Жүнісов ұсынды. Топ бәйгенің бас жүлдесі Рено көлігі мен екінші және үшінші орынды иеленген жеңімпаздарға сыйланған мотоцикл мен теледидарлар «Балқантау» қоры есебінен алынған.
- Бүгінгі жарыста жеңімпаз атанғандарға «Балқантау» қоры атынан сыйлықтар табысталады. Облыс әкімі Ерлан Қошанов бабамыздың мерейтойын атап өту жөнінде тасырма берген сәттен бастап қызу дайындықтар басталды. Сол себепті наурыз айының 28-де «Балқантау» қоры құрылды. 16-сәуірде шот ашылды, содан бері қаржы жинала бастады. Барлығы 50 млн. астам қаржы жиналды, оның біразы демеушілер есебінен болса, ауыл тұрғындары да қалыс қалмады, тек қана ауыл тұрғындарының өзі 4 млн. астам қаржы жинады - дейді осы қордың президенті, Қарқаралы аудандық Мәслихатының депутаты Мейір Мүбәрәкұлы.
Сонымен Аламан бәйгеде Ақмола облысының сәйгүлігі, ЭКСПО жарысының жеңімпазы Тайтөбе топ жарып мәреге бірінші жетті. Топ жарыста Қостанайдан келген Исток атты тұлпардың бағы жанды.


Жаңалықтармен бөлісу: