Қарағанды облысының экс-әкімі Әбдішевті қамауға алу мерзімі тағы бір айға ұзартылды

Күні: 19:31, 21-11-2014.

Қарағанды. 21 қараша. ҚазТАГ – Сыбайлас жемқорлықпен айыпталып жатқан Қарағанды облысының экс-әкімі Бауыржан Әбдішевті қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды, деп мәлім етті Қарағандының Қазбек би аудандық сотынан.
«Қарағандының Қазбек би аудандық сотының 2014 жылғы 18 қарашадағы қаулысымен ҚР ҚК 307 б. 4 т. бойынша (мемлекеттiк қызмет пен мемлекеттiк басқару мүдделерiне қарсы сыбайлас жемқорлық және өзге де қылмыстар) айыпталып отырған Б. Әбдішевті қамауға алу мерзімі 3 айға дейін, 2014 жылғы 23 желтоқсандағы 17.00 сағатқа дейін ұзартылды», - деді аудандық сот баспасөз хатшысы Әлия Жошева жұма күні.
Б. Әбдішевті 2 айға қамауға алу мерзімі 23 қарашада аяқталады.
Еске салсақ, Қарағанды облысының экс-басшысы Б. Әбдішев 24 қыркүйекке қараған түні ұсталды. 26 қыркүйекте Қарағандының Қазбекби аудандық соты Б. Әбдішевті 2 айға қамауға алуға санкция берді.
Іс материаалдарынан көрініп тұрғандай, Б. Әбдішев 2012 жылы өзінің танысына «ЕвроСтандарт Қарағанды» ЖШС құруды және жаяужол тақтайшпаларын шығаратын зауыт салуды тапсырады.
Кейін зауыт өнімдері бюджет қаражатына абаттандырылып жатқан нысандарда пайдаланылған. 2012 жылғы қаңтар айында «ЕвроСтандарт Қарағанды» ЖШС және «Мәдениет бақтары мен скверлерді басқару» КМК арасында Т1,2 млрд-тан астам сомаға келісім-шарт жасалды.
Тергеу болжамынша, Б. Әбдішев зауыттың бәсекелестері мемлекеттік тапсырыстарға конкурстарда «ұтылып» қала беретіндей сұлбасын дайындаған.  
Бұл ретте оның қарамағындағылар осы іске тартылған. Атап айтқанда, «Қарағанды қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары, ТКШ бөлімі» ММ бұрынғы бастығы және бұрынғы Қарағанды әкімінің орынбасары Мұхтар Адамбеков тартылған. Қазір олардың екеуі де іс фигуранттары болып табылады, ешқайда кетпейтіндігі туралы қохатпен жүр.  
Еске салсақ, Б. Әбдішев 2013 жылғы қаңтардан бері Қарағанды облысының әкімі қызметінде болған, 2014 жылы маусымда өз еркімен қызметінен кеткен.  


Жаңалықтармен бөлісу: