Қарағандыда өтетін Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін асқақтататын әскери-тарихи жаңғырту шарасына оның қызы келеді

Күні: 17:43, 04-05-2017.

Қарағанды. 4 мамыр. ҚазТАГ - 1945 жылы 30 сәуірде Рейхстаг ғимаратының қасбетіне қызыл ту орнатқан әйгілі сарбаздың қызы Әлия Қошқарбаеваны Қарағанды қаласына әскери-тарихи жаңғырту шарасының ұйымдастырушылары шақырды, делінген облыс әкімшілігінің ресми сайтында бейсенбі күні жарияланған хабарда.
Олардың айтуынша батырдың қызы кеншілер шаһарына келіп, 8 мамыр күні Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің алаңында өтетін ауқымды шараны өз көзімен көреді.
Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көрсететін әскери-тарихи жаңғырту шарасын өткізу идеясын тарих әуесқойлары клубының мүшелері бірнеше жыл қатарынан ойластырып келеміз дейді. Қарағандылық энтузиастар осыған дейін Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойына орайластырып, Крюков ауылының жанындағы шайқастың жаңғыртуын өткізген болатын.
Жеңіс күні қарсаңында патриоттық жобаны жүзеге асыруды Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, кәсіпкер Төлеген Әшімов ұсынған болатын. Өзі оған демеушілік көрсеткен. Идеяны әскери-патриоттық тәрбиемен айналысатын аула клубтары бірден құптаған екен. Сонымен қатар тарихи оқиғаларға бей-жай қарамайтын азаматтар да ниет білдірген. Жаңғыртуға 300-ге жуық адам қатыспақ. Олар әскери киім-кешекті де өздері дайындап жатыр.
Ұйымдастырушылар мен серіктестер шараның негізіне неліктен дәл осы тарихи оқиғаны алып отырғандыран айтты.
Төлеген Әшімов:
- Бізде тарихқа қызығушылық білдіретін белгілі бір топ қалыптасты. Жәнеде біз осыған дейін де осы секілді шаралар өткізген болатынбыз. 1945 жылдың 30 сәуірінде Рақымжан Қошқарбаев қызыл армия сарбазы Григорий Булатовпен бірігіп Рейхстаг ғимаратының қасбетіне бірінші болып қызыл ту орнатқан еді. Біз бұл тарихи дерекпен мақтанамыз. Ол қазақ жұртының Ұлы Жеңіске қосқан үлесі деп білеміз. Шайқастарды жаңғырту шаралары көптеген елдерде өткізіледі. Ол тарихқа деген қызығушылықты арттыратын және тарихты зерттеп білетін бірден бір тәсіл. Тарихты түсінетін адам эволюциялық түрде ойлайды. Бұл Президентіміздің соңғы бағдарламалық құжатымен де сабақтасады. «Туған жер» бағдарламасы біз өз батырларымыз бен қаһармандарымызға қарап бой түзетуге бағыт береді. Осы секілді шаралар қазақстандықтардың басын біріктіріп, өткенімізге көз тастауға мүмкіндік береді.
Жаңғыртуға біз арнайы мұрағат материалдарын жинадық. Жәнеде олар шара барысында айтылады. Қошқарбаев пен Булатовтың рөлдерін орындайтын адамдар іріктелді. Сыртқы келбетіне де, денесінің шыныққандығына да, тарихты білуіне де мән берілді. 8 мамырда олардың есімдерін білетін боласыздар.
Бұл ретте үлкен іске ортақтастық маңызды. Адамдар өздері қатысуға ниет білдірді, өздерінің күшімен әскери киімдерін де, ағаштан жонып жасалған қаруларын да әзірлеп жатыр. Керемет мінсіз болмаса да, ең бастысы олар тарихпен байланысты сезінуде. Ол – басты мақсат. Бюджеттік қаражатты құр босқа шашып, тамаша реквизиттер сатып алып, көзбояушылық жасау – оның ешкімге қажеті жоқ.
Вячеслав Мазитов, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, «Шахтер» КМҚК директоры:
- «Шахтер» стадионы және біздің аула клубтарымызда шайқастар жаңғыртуларына қатысу тәжірибесі бар. Крюков маңындағы шайқас, жоңғарламен соғыс, Қазақ хандығының 550-жылдығына орайластырылған жаңғыртуларға қатысқан. Тәжірибеміз болғандықтан осы қойылымда да өзімізді көрсетуге ниет білдірдік.
Қазіргі заманғы жастар тарихты біліп қана қоймай, біздің батыр ардагерлерімізді естен шығармай, оларды дәріптеулері тиіс. Бүгінгі таңда Қарағандыда Ұлы Отан соғысына қатысқан көзі тірі ардагерлермізідің қатары сирек. Бұл жаңғырту – майданнан оралмаған қазақстандық сарбаздарға және арамызда жүрген ардагерлерге тағзым.
Аула клубтарындағы балалар осыған дейін де «Есте сақтаңыздар» деп аталатын жобаға қатысып, қарағандылық ардагерлер туралы кітап және фильм шығарған болатын. Сол балалар осы шараға да қатысуға ынталы. Олар өздері қажетті құрал-жабдықтар мен плащ шатырларын әзірлеп жатыр.
Бұл жерде бюджеттік қаражат кірістірілген жоқ. Барлығы демеушілердің қолдауымен өткізіліп отырған қоғамдық бастама.
Жанділ Мұқтаров, Қарағанды қалалық мәслихатының депутаты, «№68 мектеп-интернат-балабақша» жалпы білім беру кешенінің директоры:
- Сөз жоқ, бұл жақсы бастама. Тарихты адамдар жасайды, бірақ өкінішке орай, тарихты бұрмалайтындар да бар. Рейхстаг ғимаратына ту тіккендер қатарында қазақ сарбазы болған. Бұл тарихи дерек көпке дейін беймәлім болды, жәнеде ол фактіні дәлелдеуге тура келді. 2007 жылдың мамыр айында Ресей қорғаныс министрлігінің әскери тарих институты қазақ жауынгері Рақымжан Қошқарбаевтың Рейхстагқа ту тіккен дерегін ресми түрде растады.
Жеңіс күні – жалпы халықтық мереке. Ұлы Отан соғысы майданында әртүрлі ұлт өкілдері болды. Бұл мереке керек пе, жоқ па деген сұрақ туындамауы тиіс. Біз оны ұрпақтан ұрпаққа таратып, мәңгілік есте сақтап, патриоттық сезім тәрбиелеуіміз керек.
Естеріңізге сала кетейік, Қарағандыда Жеңіс күні қарсаңында Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігін көрсететін әскери-тарихи жаңғырту шарасы өтеді. Ауқымды қойылым 8 мамыр 11:00-де Жаңа Майқұдық Мәдениет үйінің алдындағы алаңда болады. Кез келген адам бұл шараны келіп, көрулеріне болады. Магнитогорская көшесіндегі көлік қозғалысы іс-шара өтетін уақыт аралығында шектетіледі.
150-ші атқыштар дивизиясының шабуыл әрекеттер журналындағы жазбаларға сай 1945 жылдың 30 сәуірі 14 сағат 25 минутта лейтенант Рақымжан Қошқарбаев және қатардағы сарбаз Григорий Булатов «ғимараттың орталық бөлігіне жер бауырлап жылжып, басты кіреберістің сатысына қызыл туды орнатты». Кеңес Үкіметінің Батыры И.Ф. Клочковтың «Мы штурмовали Рейхстаг» атты кітабында автор «лейтенант Р.Қошқарбаев бірінші болып бағанға қызыл туды орнатты» деп жазған.
Ал Қошқарбаевтың өзі болса қызыл туды тіккенін төмендегідей сипаттайды:
- Комбат Давыдов мені терезенің жанына алып келді. (Ол туралы «Гиммлер үйі» де айтылған) «Рейхстагты көріп тұрсың ба?- деді. Өзіңе қажетті адамдарды таңдап ал, сонда ту тігесің». Сонан соң маған ауыр қара буманы берді. Ол - қара қағазға оралған қызыл туымыз болды. Бір топ барлаушылармен бірге мен терезеден шықтым. Сәлден соң барлығымызға бұғынуға тура келді. Себебі қатты атыс басталып кетті. Менің жанымда бір жауынгер ғана қалды. Ол Григорий Булатов болатын. Ол менен қайта-қайта «Лейтенант жолдас, не істейміз?» деп сұрай берді. Біз суға толы ордың жанында жаттық. «Туға өзіміздің есімдерімізді жазсақ қайтеді?» деп ұсындым мен оған. Сонан соң қалтамнан табылған химиялық қарындашпен тудың шетіне «674-ші полк, 1 б-н» деп жаздық. «Л-т Қошқарбаев, кр-ц Булатов». Біз ол жерде кеш батқанға дейін жаттық. Сонан соң артилериялық дайындық басталды, алғашқы атыстар басталған бетте, біз Рейхстагқа жүгіріп бардық. Мен Булатовты аяғынан демеп тұрдым да, екінші қабат деңгейінде туды тіктік...
Рақымжан Қошқарбаев Қарағанды облысында Балқаш қаласында өмір сүріп, оқуын тәмамдаған. Халық қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың аты Балқаш техникалық колледжіне берілген.
Ұлы Отан соғысы жылдарында майданға миллионнан астам қазақстандықтар аттанған. Қарағанды облысынан 47 мың адам жұмылдырылған, оның жартысынан астамы ерлікпен қаза тапты. Жауынгерлік медальдар және ордендермен 6587 қарағандылық азаматтар марапатталған. Кеңес Үкіметі Батыры жоғары атағына 32 қарағандылық ие болды, оның тоғызы Даңқ орденінің толық кавалері.


Жаңалықтармен бөлісу: