Арыстағы ТЖ: қанша тұрғын Т100 мың алады

Күні: 19:26, 10-07-2019.

Алматы. 10 шілде. ҚазТАГ – Арыстың қанша тұрғыны Т100 мың көлеміндегі біржолғы өтемақыны алатыны туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.
«Тапсырмаға сәйкес, бірінші кезекте 55 602 тұрғынға (Арыс қаласы – 44 994 адам, Ақдала ауыл округі – 4 324 адам, Қожатоғай ауыл округі – 4 232 адам, Дермене ауыл округі – 2 052 адам)100 мың теңгеден жалпы 5,6 млрд.теңге көлемінде өтемақы төлеу жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің резерві есебінен 3 млрд. теңге, облыстық бюджеттен 1 млрд. теңге және арнайы құрылған «Түркістан» әлеуметтік қорына түскен қаржыдан1,6 млрд. теңге бөлінеді деп күтілуде», - делінген сәрсенбідегі хабарда.
Хабарда айтылғандай, жергілікті тұрғындардан құжаттарды қысқа мерзімде жинауға Арыс қаласындағы 17 секторда бекітілген тиісті мамандар және аудан, қала әкімдіктерінің қызметкерлері жұмылдырылды.Олар 2019 жылдың 3 шілдесінен бастап өтемақы алуға өтініштер жинақтауда..
«2019 жылдың 9 шілдесіндегі сағат 17:00-дегі жинақталған ақпарат бойынша58 207 тұрғыннан құжаттар жинақталып, жалпы тіркелген тұрғынның 104,7 пайызын құрады. Аталған бағытта тиісті жұмыстар жалғасып, бекітілген мамандар келмеген тұрғындар бойынша мекенжайларына барып хабарлауда», - делінген хабарда.
Әкімдікте нақтылағандай, төтенше жағдайдан зардап шеккен арыстықтарға бағытталған бұл төлемақы екі-үш апта көлемінде төленеді деп жоспарланып отыр.
Еске салсақ, 24 маусымда сағат 9.20-да өрт сөндіру қызметінің тетігіне Түркістан облысы Арыс қаласында №44856 әскери бөлімнің аумағындағы қоймада жарылыс болғаны туралы хабар келіп түскен. Қорғаныс министрлігінде нақтылағандай, қоймадағы жарылысқа өрттің шығуы себеп болған. Қорғаныс министрлігінде зардап шеккендер мен қаза тапқандар жоқ деп мәлімдеді, ал оқиға орнына арнайы құрылған комиссия жіберілген. Сонымен қатар Арысқа Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев келді.
Аталмыш дерек бойынша Шымкенттегі ІІМ Оңтүстік өңірлік әскери-тергеу басқармасы ҚР ҚК 462б.1б. (қару-жарақпен, сондай-ақ айналадағыларға қауiп төндіретін заттармен және нәрселермен жұмыс істеу қағидаларын бұзу) бойынша қылмыстық істі тіркеді. Жағдай ішкі істер органының бақылауында.
Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімдігінде әкімдік жанынан зардап шеккендерге көмек көрсету үшін «Түркістан» корпоративті әлеуметтік даму қорының құрылғанын айтты.
ҚР ІІМ ақпарынша, ТЖ салдарынан үш адам қаза тапқан, 165 адам зардап шеккен, оның 89-ы ауруханаға жатқызылса, 76-сы үйлеріне қайтарылған.
30 маусымда белгілі болғандай, ауруханаларда Арыстағы жарылыс салдарынан зардап шеккен әлі 50 науқас жатыр.
1 шілдеде ҚР қорғанысмині Арыстағы қару-жарақ сынықтарын жоюға кіріскен.
2 шілдеде Арыстағы режимдік нысан аумағында оқ-дәрілерді видеоға түсіру дерегі бойынша қызметтік тексеру басталды.
2 шілдеде ІІМ ТЖК төрағасы Владимир Беккер нақтылағандай саперлер Арыстан 11,5 мың қару-жарақ пен оның сынықтарын тапқан.
3 шілдеде белгілі болғандай, Арыста болған жарылыс себебін анықтаумен қатар, бөлінген қаржы да тексеріле бастаған.
4 шілдеде қорғаныс министрлігі хабарлағандай, Арыста қару-жарақ сынықтарын жою басталған.
5 шілдеде белглі болғандай, Арыстағы әскери бөлімді басқа жерге ауыстыру жұмыстары басталған.
7 шілдеде қорғанысмині Арыста қызметтік тексеру жүргізу үшін қорғанысминінің бас инспекциясының комиссиясы келгенін жеткізді.
8 шілдеде арнайы комиссия Қазақстанның қарулы күштерінің қару-жарақты сақтау нысандарын тексеруді бастағаны белгілі болды.


Жаңалықтармен бөлісу: