Астанада экологиялық айлық аясында 3 мыңнан астам ағаш отырғызылады

Күні: 14:27, 13-04-2015.

Астана. 13 сәуір. ҚазТАГ – 13 сәуірден бастап Астанада жыл сайынғы экологиялық айлық бастауын алады, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.
«Экологиялық айлық аясында 3000-нан астам ағаш отырғызылып, аудан көшелерінде, саябақтар мен бақтарда 45 мың ағаш әктеледі. ПИК, білім беру, денсаулық сақтау нысандары, сенбілікке қатысатын ұйымдар үшін орталықтандырылған «Жерұйық» саябағында көшеттер мен инертті материалдар: әк, қолғап, қоқыс жинауға арналған қаптар таратылады», - делінген дүйсенбі таратылған хабарда.
Ақпарға сәйкес, биыл айлық 13 сәуірден 13 мамырға дейін жалғасады. Экологиялық айлық аясында әр сенбі сайын коммуналдық сенбіліктер өтеді, ал жалпықалалық сенбілік 18 сәуір күні болады.
Жалпықалалық сенбілік аясында қоқысты жинап, шығаруға 170 жүк көлігі және 70 жүк тиеу техникасы тартылады.
Сонымен қатар экологиялық айлық кезінде аудан аумағындағы санкцияланбаған қоқыс төгетін жерлерді жою жоспарлануда. Қазіргі уақытта қоқыс төгетін жерлер әктеліп, қоқыс көлемі анықталуда. Қаланың коммуналдық қызметтері өздерінің күзет аймақтарын тазалап, жылу трассаларын, контейнерлер мен алаңдарды, сорғы станцияларын жөндеп, жарық беру тіректерін, трансформаторлық қосымша станцияларды бояп, жуып, зақым келген абаттандыруды қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізеді.


Жаңалықтармен бөлісу: