Астанада Евангелистік-Лютеран шіркеуі ғибадатханасының салтанатты ашылуы өтті

Күні: 12:12, 18-09-2017.

Астана. 18 қыркүйек. ҚазТАГ – Астанада Евангелистік-Лютеран шіркеуі ғибадатханасының салтанатты ашылуы өтті, деп хабарлады Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің баспасөз қызметінен.
Хабарда айтылғандай, іс-шараның салтанатты ашылуында Дін істері және азаматтық қоғам министрі  Нұрлан Ермекбаев сөз сөйледі.
Н.Ермекбаев: «Жаңа шіркеудің ашылуы рухани сәуле шашып, жақсы дәстүрлердің көбеюіне ықпал ететініне сенімдімін. Жаңа Лютеран шіркеуінің ресми ашылуы – тек лютерандар үшін ғана емес, барлық қазақстандықтар үшін маңызды оқиға болып табылады, өйткені ол Қазақстан халқының ауыз біршілігі мен татулығының тағы бір дәлелі» - деп атап өтті.
Министр өз баяндамасында Қазақстандағы Лютеран қауымының дін ұстанушыларын құттықтап, жаңа шіркеу «Евангелистік -Лютеран шіркеуінің» және Қазақстандағы барлық протестанттық шіркеу өкілдерінің өміріндегі ерекше күн болып саналатын Реформацияның 500 жылдығы  қарсаңында ашылып жатқанын атап көрсетті.
«Реформация Еуропаның дамуына серпін берді. Сондықтан, Шіркеу жасампаздық пен дамуға бағытталған уағыздар үнемі естіледі деп үміттенемін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азаматтық әлем, ұлтаралық және конфессияаралық келісім- біздің басты құндылығымыз. Көпұлтты еліміздегі бейбітшілік пен келісім, діндер мен мәдениеттердің диалогы әлемдік эталон ретінде мойындалды», - деп атап өткен болатын. Сондықтан  біз осы құндылығымызды бағалап, Қазақстан жерінде бейбітшілік пен келісімді сақтауымыз қажет»,-деді Министр Нұрлан Ермекбаев.
Аталған іс-шараға Астана қаласының әкімі Әсет Исекешев, Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің депутаты Альберт Рау, Ватикан, Ресей, АҚШ, Германия, Канада, Финляндия, Швеция елшілері, сондай-ақ Қазақстандағы лютеран қауымдастығының пасторлары, диакондары мен мүшелері қатысты.
Лютерандарды құттықтау үшін басқа да шіркеулердің өкілдері, атап айтсақ Орыс Православ шіркеуінің Астана епархиясының викарийі, Талдықорған епископы Нектарий, Россиядағы Інжіл-Лютеран шіркеуінің Архиепископы Дитрих Брауер, Украинадағы Неміс Інжіл-Лютеран шіркеуінің епископы Сергей Машевский келді.
Қазақстандағы «Інжіл-Лютеран шіркеуі» қоғамда азаматтық бейбітшілік пен рухани келісімнің нығаюына бағытталған әлеуметтік - мәдени шараларға белсенді қатысып отыратынын атап өту керек. Осындай ықпалдастықтың жарқын мысалдарының бірі Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезіне қатысуы болып табылады.

Анықтама: 2014 жылы қалалық билік органдары жаңа құрылыс салу үшін учаске бөлді. «Астана» инженерлік орталығы жоба әзірлеп, жобалық сараптамадан өтті. Жобаның бас сәулетшісі – Римма Слободская. 2015 жылдың мамыр айында құрылыс жұмыстары басталды. 2015 жылдың 28 маусымында ғибадатхананы салу үшін жер жарықтандырылды.
Кешен екі ғимараттан тұрады. Ғибадатхананың кең және жарық жертөле қабаты бар. Жертөле қабатының үй-жайларында жастармен  және діни диакондық жұмыстарды жүргізу жоспарланып отыр.
Екінші үш қабатты ғимараттың бірінші қабатында қоғамдық жұмыстарға арналған бөлме, жексенбілік мектеп, пастордың кеңсесі және кітапхана орналасады. Екінші қабатта Шіркеу әкімшілігі, мұрағат, семинарлар, кездесулер мен басқа іс-шараларға арналған оқу залдары бар.
Үшінші қабатта сегіз адамға арналған қонақ бөлмелері және шағын асхана орналасқан.
Інжіл-Лютеран шіркеуінің «Мәсіх» ғибадатханасы Іле және  Ш. Құдайбердіұлы көшелерінің қиылысында орналасқан. Ғибадатхананың жалпы сыйымдылығы 120 адамға арналған.


Жаңалықтармен бөлісу: