Астанада ежелгі көшпелілер ауылы ашылады

Күні: 11:25, 01-07-2016.

Астана. 1 шілде. ҚазТАГ - 3 шілдеде «Хан Шатыр» СОО жанындағы алаңда «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпелілер өркениеті фестивалі өз шымылдығын ашады, деп хабарлайды елорданың ресми сайты.
Хабарда айтылғандай, дәстүр бойынша Елорданың туған күніне орай нағыз ежелгі көшпелілер ауылы орын тебеді. Мұнда ата-бабаларымыздың тыныс-тіршілігімен және тұрмысымен танысуға болады.
Аумақта «Көшпелілер музейі» ашылады. Көшпелілер циркі, би ұжымдарының өнері, дәстүрлі «Ат жалында» атты каскадерлік шоу, «Саят» аушы құстар думаны және салт-жоралық, музыкалық фольклор фестиваль бағдарламасы көрермендерін одан сайын қызықтыра түспек. Қалашыққа келетін ең кішкентай қонақтар үшін кіреберісте киізден алаңқай жасалады. Ал «Костюмдер тарихы» бағдарламасында Ұлы дала төсінде киген киім-кешекпен, оның тарихымен танысуға болады.
Этноауыл қонақтары қазақ халқының мәдениетінің әралуандылығымен таңғы сағат 11-ден кешкі 22.30-ға дейін таныса алады. Әдеттегідей, шараға Қазақстанның өңірлерінен ғана емес, сонымен қатар, таяу шетелдерден де халық қолөнерінің шеберлері келеді. Шеберлік дәрістер барысында қолөнершілер қарапайым жіптен ою-өрнекті кілем тоқу немесе металл кесегінен көздің жауын алатын әшекейлер жасау өнерін ортаға салады. Сондай-ақ олардың еңбектерін қолданбалы өнер заттары сатылатын жәрмеңкеден табуға болады.
Сонымен қатар, күн сайын ерекше сазды концерттер ұйымдастырылады. Мысалы, шараның ашылуында сағат 16.00-де ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына арналған эпикалық әндерді тыңдауға болады. Ал кешке сағат 21.30-дан 22.30-ға дейін қонақтар Нұрлан Өнербаевтың концертін тамашалайды. Келесі күні қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына орайластырылған концерт өтеді. Мұнда ақынның қанатты шабытпен дүниеге келген шығармаларын тыңдауға болады. Ал шараның соңында келушілер «Жүйелі сөз» дәстүрлі ақындар айтысын тамашалайды.
5 шілдеде сағат 16.00-де қонақтар үшін атақты әнші, композитор Дәнеш Рақышевтың 90 жылдығына орайластырылған «Күміс көмей» дәріс концерт ұйымдастырылады. Содан кейін сағат 19.00 ақындар ақтық сында сөз жарыстырады.
Фестивальдің соңғы күні жыр төгіліп, күй күмбірлейді. «Хассак» және «Сарыарқа» фольклорлық-этнографиялық ансамбльдердің концертінен кейін сағат 17.00 еліміздің Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған эпос кеші өткізіледі. Аталмыш кең ауқымды шараның шымылдығы дәстүрлі «Астана-Арқау» түркі музыкасы фестивалімен жабылады.
Көшпелілер өркениеті фестивалі сағат 20.00 «Той тарқар» шарасымен салтанатты түрде жабылады.


Жаңалықтармен бөлісу: