Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі өз жұмысын бастады

Астана. 10 маусым. ҚазТАГ – Астанада әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі өз жұмысын бастады, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
V съездің басты тақырыбы «Бейбітшілік және даму үшін діни көшбасшылар мен саяси қайраткерлердің тілдесімі» болады.
Съез жұмысына Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысады. Съез аясында сондай-ақ оның БҰҰ бас хатшысы Пан Ги Мунмен және Иордания Королі Абдалла ІІ-мен кездесуі жоспарланған.
Съез ҚР Н. Назарбаевтың бастамасымен Астанада әр 3 жылда өткізіледі. Қатысушылар арасында ислам, христиандық, иудаизм, буддизм, даосизм, синтоизм, индуизм конфессияларының, сонымен қатар ірі халықаралық ұйымдардың өкілдері бар.
І съез Қазақстан елордасында 2003 жылдың 23-24 қыркүйегінде өтті. Оған Еуропа, Азия, Африка және Таяу Шығыстың 13 елінен діни көшбасшылар мен құрметті қонақтар келіп қатысты.
V әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының съезі 10-11 маусымда Астанада өтеді. Форум аясында алқа отырысы және төрт секциялық отырыс өтеді. Рухани форумдағы пікірталас тақырыптары діни және саяси көшбасшылардың адамзат алдындағы жауапкершілігі; діннің жастарға ықпалы; дін мен саясаттың өзара іс-қимылындағы жаңа үрдістер мен перспективалар; бейбітшілік, қауіпсіздік және үйлесім үшін әлемдік және дәстүрлі дін көшбасшыларының арасындағы өзара сыйластық пен түсіністік негізіндегі тілдесім секілді өзекті тақырыптар болмақ.

adimage