Астанада Шарль де Голль ескерткіші ашылады

Күні: 11:40, 21-11-2014.

Астана. 21 қараша. ҚазТАГ – Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков Франция Республикасының Қазақстан Республикасындағы елшісі Франсис Этьенмен кездесті, деп хабарлады елордалық әкімдіктің баспасөз қызметі.
«Франция президенті Франсуа Олландтың үстіміздегі жылдың желтоқсан айында өтетін Қазақстанға сапары екі елдің қарым-қатынас тарихындағы атаулы оқиға болады. Екі мемлекет басшылары мен ресми және іскерлік орталардың кездесулері біздің ынтымақтастығымызды одан әрі кеңейтуге және тереңдетуге серпін беретініне сенімдімін», - деген Ә. Жақсыбековтың дәйексөздерін келтіреді баспасөз қызметі.
Сапар аясында Бесінші Республиканың тұңғыш  президенті генерал Шарль де Голльға ескерткіш ашу жоспарланған. Монумент «Ақбұлақ-3» шағын ауданында Шарль де Голль атындағы көшеде орналасады.
Атап өтілгендей, тараптар Қазақстан мен Франция мемлекеттерінің басшыларының деңгейінде сындарлы саяси диалогқа негізделген қазақстандық-француздық ынтымақтастықтың қарқынды дамуын атап өтті.
Қазақстанда француз капиталының қатысуымен 100-ден астам компания тіркелген.


Жаңалықтармен бөлісу: