Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды

Күні: 18:12, 08-08-2016.

Астана. 8 тамыз. ҚазТАГ – Астаналық саябақта заманауи жағажай ашылды, деп хабарлады елорданың ресми сайты. Хабарда айтылғандай, астаналық саябақтағы «Оазис» жағажай клубында уақытты қызықты өткізуге болады. Кешенде ашық бассейндер, SPA-ванна, жазғы дәмхана, волейбол ойнайтын алаң, трамплиндер, сырғанақтар мен субұрқақтар орналасқан. Күн жылы болғанда мұнда жүзге жуық қала тұрғыны мен қонақтары демалады.
Жағажай клубы Астаналық саябақты қайта жөндеу аясында ашылды.
– Кешен қажетті әрі пайдалы болып шықты. Астанада жазда кез келген отбасы демалысқа бара бермейді, ал мұнда жақсы демалуға болады, кешен инфрақұрылымы әлемдік шипажайлардағы қонақ үйлерден еш кем емес, – дейді Астаналық саябақ басқарушысы Ғани Хасенов.
«Оазис» кешені күн сайын сағат 11-ден кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істейді.
Кешен аумағында үш бөліктен тұратын (жалпы, балаларға арналған және SPA-ванна) суы жылытылатын бассейн, сондай-ақ, әлемдік стандарттармен жасалған спорттық бассейн орналасқан. Су ұдайы сүзгіден өткізіліп отырады. Сонымен қатар, күнде таңертең бассейндер арнайы су электр шаңсорғыштармен тазартылады.
Демалушылар ашық аспан астында волейбол алаңында күш сынасады. Айналадағы күркелер мен жазғы дәмханалардан салқын сусындар алып, жүрек жалғауға болады. Тамақты өзіңмен бірге ала келуге де тыйым салынбаған. Кішкентай астаналықтар мен қала қонақтары сырғанақтарға шығып, субұрқақтарда ойнап, көңіл көтереді.
– Мұнда ата-анаммен бірге келдім. Маған өте ұнайды. Біз жиі келіп тұрамыз, – дейді 11 жасар Аянат Бақытжанова.
Ересектер үшін жағажайға кіру билетінің құны - 5000 теңге, балалар үшін – 3000 теңге, 3 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Дүйсенбі күндері халықтың әлеуметтік осал топтары клубқа тегін кіреді.
– Бүгін күн жылы болған соң құрбыларыммен бірге келдік. Осындай бассейн бар екенін естіп, өз көзімізбен көрейік деп шештік. Балаларымызды ойнатып, демалып қайтпақпыз. Бізге де, балаларға да ұнады, – дейді Камила Бушенеева.


Жаңалықтармен бөлісу: