Астананың сауда үйлерінде тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек үшін контейнерлер орнатылады

Күні: 16:09, 03-08-2015.

Астана. 3 тамыз. ҚазТАГ – Астананың сауда үйлерінде тұрмысы төмен отбасылардың балаларына көмек үшін контейнерлер орнатылады, деп хабарлады елорда әкімшілігінің баспасөз қызметінен.
Елордада 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» акциясы аясында қайырымдылық шаралары өтуде.
Елорда ресми сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, жыл сайынғы «Мектепке жол» акциясы осымен 8-ші рет өткізілуде. Аталмыш акция аясында 31 мыңнан астам балаға жалпы сомасы 276 миллион 835 мың теңгеге көмек көрсетілді.
Бүгін акция шеңберінде «Дар» қоғамдық қоры елорданың аз қамтылған отбасылардан шыққан 10 балаға мектепке арналған канцелярлық тауарлар мен портфельдерді сыйға тартты.
Астана қаласы Білім басқармасының кәмелетке толмағандар құқығын қорғау бөлімінің жетекшісі Ләззат Орынбасарованың айтуынша, көмекке зәру балалардың тізімі мектептердегі оқушылар туралы ақпарат банкінен алынады. Өз кезегінде бұл тізімдер демеушілерге жіберіледі. – Қазіргі уақытта нақты атқарылатын шаруалар жоспарын бекіттік. Жақын арада қала бойынша сенім телефондары жазыған билбордтар ілінеді. Ірі сауда үйлерінде аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға көмек көрсеткісі келетін тұрғындар үшін арнайы контейнерлер орнатылады. Ол контейнерлерге киімдер мен мектепке қажетті заттарды сала аласыздар, - деді Л. Орынбасарова.
Акцияның мақсаты – оқуға тартылмаған балаларды анықтау, аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балалары мен  жетім және  ата-анасының қамқорлығынсыз қалған оқушыларға  көмек беру.  Сонымен бірге, акция әлеуметтік себептер бойынша 1 қыркүйекте балалардың мектепке бармауының  алдын алуға бағытталған.
№ 7, 52, 76 метептерде (14.08, 21.08, 28.08, 3.09) айына екі рет баланы мектепке орналастыру бойынша мамандардың кеңесі және заңгерлік көмек көрсетіледі.
Сондай-ақ, хабарда елордадағы«Саранда» шағын ауданында 240 орындық балалар бақшасы ашылғаны айтылады. Бұл шара өз кезегінде Астанадағы балабақша кезегін азайта түседі. Шараға «ҚТЖ» ҰК» АҚ вице-президенті Б. Камалиев, Астана қалалық білім басқармасының өкілдері мен темір жол саласының ардагерлері қатысты.
- Бүгін «Саранда»тұрғын кешенінде айтулы да маңызды оқиға. Ол - Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының тапсырмасы бойынша салынған заманауи балабақшаның бүгінгі ашылуы Темір жол көлігі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында өтіп жатқаны. Бірегей құрылыс қазіргі мектеп жасына дейінгі балаларға арналған мекемелердің халықаралық үлгідегі барлық талаптарын ескере отырып салынған, - деді Б.Камалиев.
Айта кету керек, балалар бақшасы соңғы үлгідегі талаптарға сай етіп тұрғызылған. Жап-жаңа екі қабатты ғимаратта жас айырмашылығы бар 12 топта жиырма баладан тәрбиеленеді. Олардың жатын орындары мен тәрбиеленетін залдары интерактивтік тақталармен жарақтанған. Бассейн, музыка және гимнастика залдары, медициналық қызмет көрсету бөлмелері бар. Әр топ спорттық және ойын алаңдарымен қамтылған.
Балабақша едені арқылы жылытылады. Ақылды «жарық» құралдары бар. Шкафтарда киімдер мен аяқ киімдерді кептіруге болады. Тамақтану және кір жуатын бөлмелер соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған, деп хабарлайды «ҚТЖ» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.


Жаңалықтармен бөлісу: