Айт намазы Қазақстандағы карантин жағдайы салдарынан мешіттерде өткізілмейді

Астана. 22 мамыр. ҚазТАГ – Айт намазы елдегі карантин жағдайы салдарынан мешіттерде өткізілмейді, деп хабарлады Қазақстан мұсылмандар діни басқармасынан (ҚМДБ).
«Ислам дінінде кез келген мереке ғибадатпен бастау алады. Шариғатымыз бойынша айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Алайда, биылғы ораза айт намазы еліміздегі карантин жағдайына байланысты мешіттерде жамағатпен өткізілмейді. Ханафи мәзһабы бойынша айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес. Бірақ, айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Оны төрт ракағат етіп оқу – абзал», - делінген жұма күні таратылған ҚМДБ Ораза айт мейрамын өткізу туралы мәлімдемесінде.
Басқармада нақтылай кеткендей, айт күні сәресін ішпейді, күндіз аузы ашық болады. Өйткені, хадисте: «Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын» делінген.
«Ораза айт – мереке. Сондықтан мейрам күні ата-анамызға, отбасымызға, балаларға, тума-туыстарға сыйлық үлестіру – сауапты әрі игі іске жатады», - делінген ҚМДБ хабарында.
Ораза Айт мейрамын мұсылмандар 2020 жылы 23 мамыр сенбі күні кешкісіннен бастап 24 мамыр жексенбі күні кешке дейін атап өтеді.

adimage