Айтыс ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне енгізілді

Астана. 3 желтоқсан. ҚазТАГ – Айтыс ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгізілді, деп хабарлады ҚР мәдениет және спорт министрлігінің (МСМ) баспасөз қызметінен.
«3 желтоқсан, 2015. Кеше Виндхук қаласында (Намибия) өтіп жатқан ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Үкіметаралық комитетінің сессиясы барысында Қазақстан мен Қырғызстан бірлесіп жолдаған «Айтыс — импровизация өнері" атты номинациясы Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының көрнекі тізіміне енгізілді», - делінген бейсенбі күні министрлік таратқан хабарда..
Бұл шараға Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі Ұлттық комиссияның өкілдері және Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен елімізге белгілі айтыскерлер Балғынбек Имашев пен Айнұр Тұрсынбаева қатысуда. Айтыскерлердің сессияның отырысында айтыс өнерінің таныстырылымын көрсетуі жоспарланған.
Еске салсақ, Комиссияның былтырғы отырысында елімізден ЮНЕСКО тізіміне «Қазақтың дәстүрлі домбыра күй өнері" және Қырғызстанмен бірлесіп ұсынған «Киіз үйді жасаудың дәстүрлі білімдері мен дағдылары» атты номинациялар енген болатын.

adimage