Айырбас пунктері валюта бағамдарын 18.00-ден кейін және демалыс күндері өзгерте алмайды – ҚР Ұлттық банкі

Күні: 14:30, 13-05-2015.

Алматы. 13 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Қазақстан Республикасында қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы» қаулысына сай айырбас пунктері валюта бағамдарын 18.00-ден кейін және демалыс күндері өзгерте алмайды, деп көрсетілген реттенушінің сайтында жарияланған хабарда.
«Бағамдарды белгілеу туралы өкімде осы өкімнің қолданылуы басталатын күн мен уақыт (сағатпен және минутпен белгіленетін) көрсетіле отырып, айырбастау пунктінде айырбастау операциялары жүргізілетін валюталардың барлық түрлері үшін сатып алу, сату бағамдары болады»,- делінген Ұлттық банк сайтындағы хабарда.
Хабарда айтылғандай, бағамдарды белгілеу туралы өкім «Қазақстан қор биржасы» акционерлік  қоғамының жұмыс күндері ғана өкімнің шығарылған орны бойынша жергілікті уақытпен сағат 08:00-ден 18:00-ге дейінгі аралықтағы кезеңде шығарылады».
Бағамдарды белгілеу туралы өкімді міндетті түрде нөмірін, шығару  күнін және уақытын (сағатпен және минутпен белгіленетін) көрсете отырып,  қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыруға құқығы бар заңды тұлғаның (оның филиалының) басшысы немесе осындай өкілеттіктер берілген өзге тұлға шығарады.
«Валюталарды сатып алу, сату бағамдары клиенттерге арналған ақпараттық стендте айырбастау пунктінде айырбастау операциялары  жүргізілетін валюталардың барлық түрлері бойынша бағамдарды белгілеу туралы өкімнің бүкіл қолданылу кезеңі ішінде орналастырылады», - делінген хабарда.
Айырбастау пунктінің кассасында қолма-қол шетел валютасы болмаған  жағдайда, осы қолма-қол шетел валютасының түрі үшін сату бағамы  ақпараттық стендте орналастырылмайды.


Жаңалықтармен бөлісу: