Астана. 5 тамыз. ҚазТАГ – Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған марафонға қатысушылар Астанаға жетті, делінген елорда сайтындағы хабарда.
«Қазақ хандығының құрылуына 550 жыл толуына орай ұйымдастырылған марафон тамыз айының 1-де Ақмола облысы Бурабай ауданының Абылай хан мекенінен басталды және тура 550 шақырымға созылады. Үш жүздің басын біріктірген ұлы Абылай хан мекенінен осы марафонның басталуы да тегін емес, әрине. Тарихқа терең бойласақ осы киелі далада хан Бұхара мен Қытай елшілерін қабылдап, өзінің билігін жүргізген деседі», - делінген елорда әкімшілігінің сайтында сәрсенбі күні жарияланған хабарда.
Ақмолалық екі жеңіл атлет - Балғабай Күлпейісов пен Қалибек Әбілов 10 күнге созылатын марафонды Қазақ хандығының 550 жылдығына арнап жүгіріп өтпек.
Қалибек Әбілов, жеңіл атлет:
- Осы марафон арқылы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ірі мәдени шараларға өз үлесімізді қосқымыз келеді. Бұл, әрине, ең алдымен бабалар рухына еткен тағзымымыз. Басты мақсатымыз - жастарды патриоттық бағытта тәрбиелеу, оларды салауатты өмір салтын ұстануға тарту және бұқаралық спортты дамыту.
Марафоншылар таң шапағы қылаң берген сәттен ақшам түскенге дейін жүгіретіндерін айтты. Бұл шараға олар жарты жыл көлемінде дайындалған. Атап өтейік, аталмыш марафон Ақмола облысында басталып Астана арқылы Қарағанды облысына, одан кейін киелі Ұлытау жеріне 10 тамызда жетуді көздейді.
Қатысты сілтемелер
-
Астанада бір көшені салуға Т1,1 млрд жуық жұмсамақ
20 Қыркүйек 2024, 16:39 -
Алматыда бір балабақшаның құрылысына Т1,4 млрд жуық жұмсауды жоспарлап отыр
20 Қыркүйек 2024, 15:36