Қазақстанға азаматтары визасыз келе алатын елдер тізімі бекітілді

Күні: 15:38, 28-03-2017.

Астана. 28 наурыз. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 23 желтоқсандағы № 838 қаулысымен "Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы № 148 қаулысына өзгерістер енгізілді. Тиісті құжат сейсенбі күні ресми басылымда жарық көрді.
Құжатқа сәйкес,қағидалар көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің тәртібін айқындайды, Яғни, егер Қазақстан Республикасында болу кезеңі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен кезден бастап күнтізбелік отыз күннен аспаса, Аустралия Одағы, Америка Құрама Штаттары, Аустрия Республикасы, Бельгия Корольдігі, Болгария Республикасы, Біріккен Араб Әмірліктері, Германия Федеративтік Республикасы, Грек Республикасы, Дания Корольдігі, Жаңа Зеландия, Жапония, Израиль Мемлекеті, Ирландия Республикасы, Исландия Республикасы, Испания Корольдігі, Италия Республикасы, Канада, Кипр Республикасы, Корея Республикасы, Латвия Республикасы, Литва Республикасы, Люксембург Ұлы Герцогтігі, Мажарстан, Малайзия, Мальта Республикасы, Мексика Құрама Штаттары, Монако Князьдігі, Нидерланд Корольдігі, Норвегия Корольдігі, Польша Республикасы, Португалия Республикасы, Румыния, Сингапур Республикасы, Словак Республикасы, Словения Республикасы, Түркия Республикасы, Ұлыбритания мен Солтүстік Ирландия Құрама Корольдігі, Финляндия Республикасы, Француз Республикасы, Хорватия Республикасы, Чех Республикасы, Чили Республикасы, Швейцария Конфедерациясы, Швеция Корольдігі және Эстония Республикасы азаматтары Қазақстан Республикасына визаcыз келеді және Қазақстан Республикасынан визасыз кетеді.
Қағидалар  Қазақстан Республикасының Конституциясына, "Астана" халықаралық қаржы орталығы туралы" 2015 жылғы 7 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына, Қазақстан Республикасының "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі, "Шетелдіктердің құқықтық жағдайы туралы" 1995 жылғы 19 маусымдағы заңдарына сәйкес әзірленді.
Қазақстан Республикасының аумағында іскерлік мақсатта болуын күнтізбелік отыз күннен артық ұзарту туралы өтініш берген кезде, Қазақстан Республикасының ішкі істер органдары күнтізбелік отыз күнге дейінгі мерзімге "іскерлік" санатындағы бірмәртелік визаларды беруді жүзеге асырады.
Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының "Сырбар" сыртқы барлау қызметі (келісім бойынша), Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі бір ай мерзімде осы қаулыдан туындайтын тиісті шаралар қабылдау тапсырылды.
Осы қаулы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.


Жаңалықтармен бөлісу: