Қазақстан аумағы арқылы Қытай- Еуропа- Қытай транзиттік контейнерлік қызметі үш есеге артты

Күні: 18:23, 22-09-2015.

Астана. 22 қыркүйек. ҚазТАГ – Қазақстан аумағы арқылы Қытай- Еуропа- Қытай транзиттік контейнерлік қызметі үш есеге артты, деп хабарлады «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен.  

«Қыркүйектің 21-22 күндері «ҚТЖ» ҰК» АҚ-ның  президенті Асқар Мамин бастаған делегациясы Ляньюньган (ҚХР) қаласындағы «Қытай-Жібек Жолы» екінші халықаралық көрмесіне қатысты. Форумға Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Қазақстан, Тайван, еуропалық елдердің 200-ден астам логистикалық және теңіз кеме компаниялары қатысты», - делінген сейсенібде таратылған хабарда.

Көрмеде «ҚТЖ» ҰК» АҚ басшысы Қазақстанның транзиттік әлеуеті туралы баяндама жасады. Баяндама барысында Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты аясындағы Қытай Халық Республикасымен синергиялық «Бір белдеу- бір жол» бағдарламасын үйлестіру жайы айтылды.

Сондай-ақ, 2015 жылғы сегіз айда Қытай-Еуропа-Қытай бағдарындағы контейнерлік пойыздардың 2014 жылмен салыстырғанда 105 контейнерлік пойыздан 291-ге артқандығы аталып өтілді. «Ляньюнган қаласындағы қазақстан –қытай халықаралық логистикалық компаниясы» 14 айда 150 мың контейнерді өңдеген. Бұл көрсеткішті  2020 жылдарға қарай 500 мың контейнерге жеткізу жоспарланып отыр.

Сапар барысында Цзянцу провинциясының губернаторы Лю Сюеюн мен Ляньюньган қаласының мэрі Чжао Сяоцзянмен екіжақты кездесулер өткізілді. Кездесулер барысында 2015 жылғы тамыздың 31-індегі Қазақстан Республикасы Президентінің ҚХР-ға сапары барысында қол қойылған «Қорғас-Шығыс қақпасы» АЭА дамытуға арналған инвестициялық 600 млн. АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны игеру жайы сарапталды.  

Оның сыртында «Ляньюньган қаласындағы қазақстан-қытай халықаралық бірлескен логистикалық компаниясын» одан әрі дамыту мен Ляньюньган порты маңындағы Шаңхай Ынтымақтастығы Ұйымына қатысушы мемлекеттердің логистикалық паркінің техникалық-экономикалық дәйектемесін жасау жайы қарастырылды.


Жаңалықтармен бөлісу: