Қазақстан билігі «ХАҚ» партиясына тіркеу рәсімін бастауға рұқсат бермеді

Күні: 12:26, 14-11-2019.

Алматы. 13 қараша. ҚазТАГ – Владимир Радионов. Қазақстан билігі «Халыққа адал қызмет» («ХАҚ») партиясына тіркеу рәсімін бастауға рұқсат етпеді, деп хабарлады партияны құруға бастамашы Болат Жұматаев.
«31 қазанда «ХАҚ» партиясын құру бастамасы жөніндегі адамдар тобы ұйымдастыру комитетінің жиналысын өткізді. Жиналыстың хаттамасы қосымшасымен бірге ҚР әділет министрлігіне жіберілді және 5 қарашада біз ҚР «Саяси партиялар туралы» Заңының 6 бабы 3 тармағына сілтеме жасай отырып, бас тартылғандығы туралы жауап алдық», - деді Жұматаев сәрсенбідегі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, дайындық процесі барысында Заңның 6 бабы 3 тармағындағы барлық ресмилік сақталған: 11 адамнан тұратын бастамашыл топтың тізімі мен жиналыс хаттамасы тапсырылды, хаттамада ұйымдастыру комитетін құрудағы мақсаты көрсетілген, саяси партияның алдын-ала атауы, орналасатын жері, ақша табудың болжалды көздері мен оның жұмсалуы, сонымен қатар ұйымдастыру комитеті мүшелері туралы ақпар да қамтылды.
«Алайда бізге 1 мың адамнан тұратын бастамашыл топтың тізімі жоқ-мыс деген негізбен бас тартқан. Біз мемқызмет стандартын сақтамағанбыз. 26 маусымда әділет министрлігінің бұйрығымен заңды тұлғаларды тіркеу бойынша мемқызмет стандартына өзгеріс енгізілген. Бізде бастамашыл топта 11 адам бар, ал өзгертілген стандарт бойынша бастамашыл топта 1 мың адам болуы керек екен, сосын соның ішінен кем дегенде 10 адамнан топ құрылуы керек. Бұл партия құруға тағы бір кедергі болу үшін әдейі жасалған. Иә, бізде заңнаманы әркелкі оқу бар, бірақ айта кетелік, аталмыш өзгерістер БАҚ-та жариялануы керек еді, бірақ жарияланбады, және біз өзгеріс туралы құжаттарды тапсырып, бізге рұқсат бермеген жағдайда барып бір білдік, ол өзгерістер тіпті ғаламторда ашық қол жетімділікте де жоқ», - дейді Жұматаев.
Осылайша, саяси партия құру ниеті туралы мәлімдеме бастамашыларға дәлелсіз қайтарылды, қазір олар партия құру процесін қайта ұсыну үшін әділет министрлігінің талабын сақтау бойынша жұмыс жасап жатыр.
«Партия құрудан басқа біз Алматыда 23 қарашада AFD Plaza (Әл-Фараби даңғ., 21) ғимаратында сағат 10.00 - 18.00 аралығында азаматтық бастамалар конгресін өткізбекпіз. Бұл саяси емес, білім шарасы болмақ, оның аясында сарапшылар экономика, денсаулық сақтау, білім беру, экология саласында дәрістер оқып, шебер-кластар өткізеді», - деді «ХАҚ» партиясын құруға бастама жасаушылардың бірі Тоғжан Қожалиева.
Сонымен қатар, ол партия құруға бастама жасаушылардың өздерінің азаматтық іс-қимыл процесінде қысым көрсетілетінін де атап өтті.
«Жағдайды пайдалана отырып, маған жиі телефон шалып, «көп шыға бермеуге» кеңес беріп жатқан погон таққан азаматтарға сәлем жолдаймын. Алайда біздің үнсіз отырғымыз келмейді, елдегі барлық өзгерістердің біздің келісімімізбен жасалғанын қалаймыз, себебі біздің мақсатымыз – елімізде барлығына жақсы болатындай жағдай жасау», - деп мәлімдеді Қожалиева.
«ХАҚ» партиясының манифестінде партияның мақсаты «халыққа адал қызмет ету» деп көрсетілген.
«(Біз - ҚазТАГ) «Республика» деген сөздің тамырына оралғымыз келеді, қоғамда бейбітшілікті сақтай отырып, мемлекетіміздің дамуына ықпал еткіміз келеді, еліміздегі азаматтардың негізгі құқықтары мен еркіндігінің шектелуіне жол бермеу керек», - делінген партия манифестінде.


Жаңалықтармен бөлісу: