Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Украинадағы Арнайы бақылау миссиясына қатысуда

Күні: 15:57, 20-05-2015.

Астана. 20 мамыр. ҚазТАГ – Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының ( ЕҚЫҰ) Украинадағы Арнайы бақылау миссиясына қатысуда, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
Ведомство сайтында жарияланған хабарда айтылғандай, Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Тұрақты Кеңесінің 2014 жылғы 21 наурыздағы №1117 шешіміне сәйкес, Украинада ЕҚЫҰ-ның Арнайы бақылау миссиясы құрылды (АБМ).
АБМ байқаушыларының жұмысы шиеленісті бәсеңдетуге, бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздікті орнатуға ықпал етуге бағытталған. Осы мақсатта АБМ әртүрлі деңгейдегі билік органдарымен, азаматтық қоғаммен, этностық және діни топтармен, жергілікті қауыммен ықпалдастық етеді. Миссия қауіпсіздік ахуалы бойынша және ЕҚЫҰ-ның негізгі қағидалары бұзылған нақты жағдайлар туралы ақпарат жинап, оларды құжаттармен растайды.
Миссия мандаты Украинаның барлық аумағында қолданылады. Миссияның бас офисі Киев қаласында орналасқан. АБМ басшысы болып Эртугрул Апакан (Түркия) тағайындалған.
АБМ 40-тан астам елдің халықаралық байқаушыларынан құрылған. ЕҚЫҰ Тұрақты Кеңесінің 2015 жылғы 12 наурыздағы №1162 шешіміне сәйкес, АБМ мандаты 2016 жылғы 31 наурызға дейін ұзартылып, байқаушылардың саны 1000 адамға дейін артылды.
Қазақстан дағдарыстың алғаш сатыларында азаматтық миссия жұмысына қатысып, ЕҚЫҰ қатысушы мемлекеті ретінде АБМ қызметіне өз үлесін қосуда. Атап айтқанда, АБМ құрамында конкурстық іріктеу (Астана, Вена және Киевте өткен) қорытындылары бойынша Қазақстан Республикасының үш өкілі байқаушылар ретінде қызметін жүзеге асыруда. 2014 жылы 21 қазанда Қазақстан ЕҚЫҰ-ның Арнайы бақылау миссиясын қолдауға 40 000 АҚШ доллары көлемінде ерікті жарна төледі.
Жалпы, Қазақстан Украинадағы шиеленістің бейбіт жолымен Минск келісімшарттары негізінде халықаралық сындарлы бітімгерлік шаралар көмегімен шешілуін қалайды және елдегі жағдайды тұрақтандыру мақсатында барынша мүмкін шараларды қолданады.
Украинадағы қиын жағдайды ескере отырып, Қазақстан ізгілік көмек жіберу міндетін мойнына жүктеп, оны орындады. Ү.ж. 10 қаңтарда Северодонецк қаласында қазақстандық гуманитарлық көмек украиналық тарапқа 70 млн. теңгеге азық-түлік түрінде табысталған болатын. Сонымен қатар, Украина оңтүстік-шығыс өңірінің гуманитарлық қажеттіліктеріне Халықаралық Қызыл Крест комитеті арқылы 30 000 АҚШ доллар шамасында қаржылық көмек жіберілді. Қазіргі уақытта Қазақстан Үкіметі гуманитарлық көмектің жаңа жобасын жасауға және Чернобыль АЭС қалпына келтірілуінің аяқталуына үлес қосу ретінде «Укрытие» Чернобыль қорына қаржылай қолдау көрсету туралы мәлімдеді.


Жаңалықтармен бөлісу: