Қазақстан мектептерінде 12 жылдық білім беруге өту кейінге қалдырылды

Күні: 16:27, 22-01-2015.

Астана. 22 қаңтар. ҚазТАГ - Жанболат Мамышев. ҚР білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов 12 жылдық білім беруге өтуді белгісіз мерзімге кейінге қалдыру туралы ұсыныс енгізілгенін мәлім етті.
«Өздеріңіз білетіндей, елде тәжірибе ретінде бірнеше мектепте жаңа 12 жылдық білім беру стандарты сыналды, биылғы мамыр айында бұл тәжірибе аяқталады. Біз нәтижесін қарастырып, ұсыныс енгіземіз, бұл әзірге ұсыныс ретінде ғана. Мемлекеттік білім беру бағдарламасына өзгерістер енгізу керек. Біз әзірге жағдайды ескере отырып 12 жылдық білім беруге өтуді кейінге қалдыра тұру туралы ұсыныс енгіземіз. Біздің ұстанымымыз осындай», - деді бейсенбі күні А. Сәрінжіпов.
Бұл ретте ол қанша мерзімге кейінге шегерілгенін нақтыламады.
«Қанша кезеңге екенін кейін көреміз. Меніңше, бұл жерде фактілер көп, оның ішінде қаржылық мүмкіндіктер де бар. Қазір министрлік, жалпы алғанда үкімет те, президенттің тапсырмасына сай, әр түрлі сценарийге дайындық жасау бағытында жұмыстар жүргізуде, оның ішінде экономикада да.
Осы жағдайды ескерер отырып біз жаңа білім беруге көшуді тоқтата тұруды шештік», - деді ол.
Білім туралы заңда айтылады, балалар 6-7-ден бастап білім ала алады деп. Ол қағида сол күйінде қалады. Әр түрлі ұсыныстар қарастырылды. Олардың барлығы ұсыныс деңгейінде ғана болды. Бүгін біз сол қағидаларды сол күйінде қалдыруды ұсынамыз», - деп тұжырымдады А. Сәрінжіпов.
Еске салсақ, ҚР парламент мәжілісінің ҚКХП-дан сайланған депутаты Галина Баймаханова 12 жылдық мектеп білімін енгізуге қарсы пікір білдіріп, заманауи үрдістерді ескере отырып, кеңестік білім беру жүйесіне өтуді ұсынған болатын.
«Биыл 2 жылдық білім беру жүйесіне өту ұсынылмақшы. Біздің балаларымыз мектепке 6 жасынан барып, онда 10 емес, 12 жыл өткізгеннен олар ақылды немесе дені сау бола қояр ма екен? Қоғамға 12 жылдық білім соншама керек болып тұр ма? Біз мектепте 12 жылдық білім беру жүйесін енгізуге үзілді-кесілді қарсымыз», - деді Г. Баймаханова ҚР премьер-министріне салған сұрауында.
Оның айтуынша, Қазақстан 20 жылдан бері балалардың үстінен, олардың тағдырымен, мемлекеттің келешегімен ойнап, білім беру жүйесін қайта құрып келеді.
Г. Баймаханова қазір өмірге құндылықтары күңгірт, біліктілігі тым төмен, оның үстіне денсаулығы да мәз емес жастар келгенін атап кетті.
«Ал отандық білім беру жүйесі әлі күнге қалыптасу, қайта құру және түрлену кезеңінде. Бір де реформа аяғына жеткізілмеді, және ешкім де тиімсіз жаратылған қаражат үшін жауапкершілікке тартылмады... Және де соңғы жылдары білім деңгейі төмендеп келе жатқанын айтуымыз керек», - деді ол.
Оның пікірінше, тіпті Қазақстан мектептеріндегі қазір бар форматының өзінде әлі күнге білікті педагогикалық кадрлар мен оқушылар орнының тапшылығы бар, мектептердің материалдық-техникалық жабдықталуы, оқу сапасы тым төмен, апаттық және үш аусымдық мектептер де бар.
Ол сондай-ақ алты жасар бірінші сынып оқушысы өзінің психикалық дамуы деңгейінен мектепке дейінгі бала деңгейінде және психофизикалық тұрғыдан мектепте оқуға дайын емес екенін айтты.


Жаңалықтармен бөлісу: