Астана. 11 сәуір. ҚазТАГ –Қазақстан мен Иран бүгін Тегеранда өткен іскерлік кеңестінің қорытындылары бойынша шамамен $1 млрд сомасына 50 келісімге қол қойды, деп хабарлады «Байтерек» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметінен.
«Тегеранда ұйымдастырушы «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі болып табылатын қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің отырысы өткізілді. Отырыс Қазақстанның Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Иран Ислам Республикасына сапары шеңберінде болып өтті», - делінген холдинг баспасөз қызметі таратқан хабарда.
Хабарда айтылғандай, іскерлік кеңестің жұмысына Қазақстан мен Ираннан 200-ден астам компания қатысты.
Іс-шараның қорытындылары бойынша екі елдің бизнесмендері шамамен $1 млрд сомасына ынтымақтастық туралы 50 келісімге қол қойды.
Соның ішінде $304 млн сомасына 9 құжатқа «Бәйтерек» холдингінің тобы мен оның әріптестері қол қойды.
Қазақстандық-ирандық іскерлік кеңестің тең төрағасы, «Бәйтерек» холдингінің басқарма төрағасы Қуандық Бишімбаевтың айтуынша, «Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты қатынастың белсенді дамуы процесінде екі елдің мемлекет басшылары үлкен рөл атқарды».
Қол жеткізілген уағдаластықтардың ішінде – Иранға ауыл шаруашылығы мен машина жасаудың өнімін жеткізуге экспорттық келісімшарттар, химия және мұнай химиясы саласындағы жобаларды бірлесіп іске асыру және т.б.
«Қазақстан экономикасына ирандық компаниялардың инвестицияларын көздейтін бүгінгі күні қол қойылған келісімдер ирандық компаниялар үлкен прогреске жеткен салалардан болып табылатынына біз қуаныштымыз. Өткен іскерлік кеңесте әуе бағыттары бойынша жеке мәселе көтерілген болатын. Барлық айтылған мәселелерді біз Қазақстан Үкіметіне жеткіздік. Көлік қатынасының проблемалары жақын арада шешіледі. «Эйр Астана» Қазақстан мен Иран арасында жаңа бағыттарды ашып жатыр. Бұл бізге сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз», - деп атап өтті Қ. Бишімбаев.
Инвестициялардың көлемі бойынша ең ірі келісімдердің бірі – «Бәйтерек» холдингінің еншілес құрылымы «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ мен ирандық «Каве Индастри Групп» компаниясы арасындағы құны $200 млн Қызылорда облысында кальцийлендірілген сода өндіретін зауыт салу жөніндегі келісім. Осы қазақстандық-ирандық жоба Қызылорда қаласындағы шыны зауытын салу жобасының жалғасы болады деп күтіледі. Жақын арадағы перспективада тараптар кальцийлендірілген сода өндіретін зауыттың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге кіріседі.
Ауыл шаруашылығын өнімінің импорты мен экспорты саласында келісімдердің ауқымды топтамасына қол қойылды. Атап айтқанда, «Бәйтерек» холдингінің бірқатар қазақстандық әріптес-компаниялары ет және дәнді дақылдар өнімінің экспорттық жеткізілімдері туралы уағдаласты. «Контитент трейдинг» компаниясы Иранға $30 млн сомасына ет пен тоңазытылған жартылай фабрикаттарды экспортқа шығарады.
«Ұлттық чемпион» қазақстандық «Alageum electric» компаниясы Иранға трансформаторлар мен трансформатор майын жеткізуге ирандық «Niroo Nransfo Co.» компаниясымен келісім жасасты.
«Бәйтерек» холдингінің басшысы Қ. Бишімбаевтың айтуы бойынша қазақстандық компаниялар теміржол қатынасын дамыту саласына да үлкен қызығушылық білдірді.
«Біз үшін Иран – Парсы шығанағына, жаңа халықаралық көлік дәліздеріне шығуға мүмкіндік беретін әріптес болып табылады. Иран үшін Қазақстан Ресейге, Қытай мен Орта Азияға шығу үшін қызығушылық тудырады», - деді Қ. Бишімбаев.
Осы салада «Исткомтранс» ЖШС компаниясы ирандық Railway transportation S.A. әріптесімен $25 млн сомасына теміржол жүк тасымалдарын ұйымдастыру туралы уағдаластықтарға қол жеткізе алды.
Іскерлік кеңестің барысында $70 млн сомасына кейіннен көмірсутектердің технологиялық және коммерциялық есеп алудың жүйелерін жеткізу мақсатында Иранның аумағында бірлескен кәсіпорынды құру бойынша қазақстандық «Топан» ЖШС мен ирандық «Электро Кавир» компаниясы арасында келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ, Алматы облысында қуаты 50 мВт күн электр стансасын салу бойынша жобаның құрылысын салу мен оны іске асыру туралы келісім жасалды.
Бұдан басқа, екі елдің сауда-экономикалық әлеуетін одан әрі дамыту мақсатында Қазақстан визалық қолдау жөніндегі мәселенің шешіміне кірісті.
«Біз визалық қолдау мәселесін Қазақстанның Үкіметіне жеткіздік. Осы мәселе бойынша жұмыс басталып кетті. Виза алу қиындықтарына тап болмай, Қазақстан мен Иран арасында алаңсыз ұшу үшін қазақстандық тарап ең жақын уақытта барлық шаралар қабылдайды деп үміттенеміз», - деп мәлімдеді Қ. Бишімбаев.
Өз кезегінде, ирандық-қазақстандық іскерлік кеңестің тең төрағасы А. Абеди былай деп атап өтті: «Бауыр үшін үйдің есігін жабық ұстауға болмайды. Қазақстан әуежайларда 40 мемлекетпен виза беру жұмысын ретке келтірді. Визалық мәселелер шешімін тапса, онда туризм, сауда және қаржы саласындағы ынтымақтастық тиімді дамитын болады».
«Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 22 мамырдағы Жарлығына сәйкес құрылды. Холдингті құру мақсаты ұлттық экономиканы дамыту мен әртараптандыру, инвестицияларды тарту, кластерлерді дамыту және оның еншілес ұйымдарында корпоративтік басқару жүйесін жетілдіру болып табылады. Холдингке кіретіндер: «Қазақстанның инвестициялық қоры» АҚ, «Қазақстанның Даму Банкі» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ, «Қазақстандық ипотекалық компания» АҚ, «ҚазЭкспортГарант» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ, «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ, «Kazyna Capital Management», АҚ, «Бәйтерек девелопмент» АҚ, «Қазақстанның ипотекалық кредиттерге кепілдік беру қоры» АҚ және «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларын сүйемелдеу орталығы» ЖШС. Холдинг осы компаниялардың акцияларының мемлекеттік пакетіне иелік ету және оларды пайдалану құқығына ие.
Қатысты сілтемелер
-
Қостанайда тұрғын үй құрылысына үлестік қатысудың заңсыз тарту фактісін анықтады
20 Қыркүйек 2024, 12:43 -
Тимур Әбілқасымов ҚНРДА төрағасының орынбасары болып тағайындалды
20 Қыркүйек 2024, 12:31 -
Аягөз гарнизонында қызмет еткен офицер өлі табылды
20 Қыркүйек 2024, 12:19 -
Kaspi.kz компаниялар тобы қысқа позицияда трейд жасайтын жобаның айыптауларын жоққа шығарды
20 Қыркүйек 2024, 11:59