Қазақстан мен Орталық Азия журналистері қорқыныш пен қысымда жұмыс жасайды – ЕҚЫҰ

Күні: 19:07, 07-11-2018.

Астана. 7 қараша. ҚазТАГ – Баубек Қоңыров. Қазақстан мен Орталық Азия журналистері қорқыныш пен қысымда жұмыс жасайды, деді Еуропа қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының БАҚ бостандығы мәселесі жөніндегі өкілі Арлем Дезир.
«Біз сегіз жыл бойы Қазақстандағы БАҚ дамуын бақылап келдік. Мен бұл жағдайда белгілі бір прогресті байқадым, дегенмен кейбір проблемалар әлі де бар. Біз не көріп отырмыз? Медиа-бастамалар көп, журналистер өз жұмыстарын жасап жатыр, өз елінің дамуында қоғамды ақпараттандыруға өз үлесін қосып келеді. Ақпарат туралы заң қоғамның қазіргі проблемасы және сыбайлас жемқорлық туралы айтқан журналистерді айыптау үшін қолданылады», - деді А. Дезир сәрсенбі күні XX Орталық-Азиядағы БАҚ конференциясында.
Басқа проблемалар қатарында, оның айтуныша, ақпаратқа қол жетімділіктің жоқтығы, әсіресе билік беруі тиіс ақпаратты алу қиындығы айтылды.
«Журналистер құпия, маңызды саяси мәселелер, сыбайлас жемқорлық туралы айтуға, өз пікірлерін білдіруге қорқады. Егер олар оны қозғаса, міндетті түрде қиындыққа тап келеді. Түрлі жағдайда біз журналистерге қарсы әділетсіз айыптаулар тағылғанын көрдік. Мен жеке тұлғаларды жауап беруге шақырғанды, әлеуметтік желідегі пікірі немесе жай ғана «лайк» басқаны үшін әкімшілік кодекс бойынша айыппұл салғанды көрдім», - деді ЕҚЫҰ өкілі.
Ол өңірге сөз бостандығын қорғайтын, жаңа медианы оңай құруға, түрлі пікірлер мен сынға шыдамдылық танытуға мүмкіндік беретін заң керек екенін атап өтті.
«Бұл кез келген елдің дамуы мен қалыптасуының бір бөлігі ғана. Бізге сондай-ақ, БАҚ-қа қатысты сот шығаратын шығынды өндіру сомасының шегін анықтау керек. Бұл демократиялық қоғамның дамуына мүмкіндік береді», - деп атап өтті А. Дезир.
Өз кезегінде ҚР ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев БАҚ өкілдеріне қойылған сұраққа жауап берді.
«Журналистер неден қорқады? Сіздердің ойларыңызша сөз бостандығы дегеніміз не? Мен қазір сіздердің алдарыңызда тұрмын және сіздердің маған сұрақ қоюға ммкіндіктеріңіз бар. Сондықтан да біз Астанада осындай конференция өткізіп жатырмыз, ұсыныстар үшін ЕҚЫҰ-мен кездесу өткізудеміз, жаңа көптеген сұрақтарға жауап алу, пікір алмасу мүмкіндігі туған кездесу өтті. Бару және жауап алу мүмкіндігінің өзі – сөз бостандығы индикаторының бірі», - деді Д. Абаев.
Алайда ЕҚЫҰ өкілінің бүгінгі заңнаманың екіұшты екені, және оның БАҚ-тың ізіне түсуге көмектесетіні туралы мәлімдемесімен келісесіз бе деген сұраққа министр қысқа ғана «жоқ» деді.


Жаңалықтармен бөлісу: