Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынас «өте жоғары деңгейде» – Назарбаев

Күні: 13:22, 16-04-2015.

Астана. 16 сәуір. ҚазТАГ – Елбасы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Түркия Республикасының президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен кездесті, деп хабарлады мемлекет басшысының баспасөз-қызметінен.

«Кездесу барысында қазақ-түрік қарым-қатынастарын одан әрі нығайту, өзара іс-қимылдарды байланыстардың кең ауқымында дамыту мәселелері талқыланды. Мемлекеттер басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті жайттарды да қозғады», - делінген бейсенбіде Ақорда сайтындағы хабарда.  

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев пен Реджеп Тайып Ердоған сауда-экономикалық, инвестициялық, өнеркәсіптік, көлік-транзиттік және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету жолдарын қарады.

Қазақстан Президенті екі елдің арасында орнаған достық және бауырластық қарым-қатынас өте жоғары деңгейде екенін атап өтті.

«Сіздің басшылығыңызбен Түркия соңғы 12 жылда зор табыстарға жетті. Ол экономикалық көрсеткіштері жағынан әлемде 16-орында, бұл – бүкіл халықтың еңбегі мен Сіздің күш-жігеріңіздің нәтижесі. Сізбен бірге үлкен делегация келді, олар бүгін екіжақты бизнес форумға қатысады. Сіздің сапарыңыз біздің қарым-қатынастарымызды жаңа деңгейге көтеруге септігін тигізетініне сенімдімін», - деді Н.Назарбаев.

Р.Ердоған Қазақстан президентіне былтыр Түркияға сапармен келіп, инаугурация рәсіміне қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.

«Әлемдегі күрделі экономикалық ахуал жағдайында Қазақстан қарқынды дамып, елеулі табыстарға жетуде. Бұл бізді қуантады. Сондай-ақ мұнда таяуда президенттік сайлау өтеді. Мен сізге зор табыс тілеймін», – деді Түркия президенті.


Жаңалықтармен бөлісу: