Астана. 2 желтоқсан. ҚазТАГ – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түрікменстанға ресми сапары аясында Президент Гурбангулы Бердымұхамедовпен кездесті, деп хабарлады ҚР президентінің баспасөз қызметінен.
«Оғызхан» сарайындағы ресми қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшылары шағын құрамда келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында екі елдің саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастығының даму болашағы мен халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер талқыланды», - делінген сейсенбі күні Ақорданың ресми сайтында жарияланған хабарда.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен Түрікменстанның ежелден қалыптасқан тарихи және мәдени байланыстардан бастау алатын екіжақты қарым-қатынастары дәстүрлі достық сипатта екендігін атап өтті.
Мемлекет басшысы бүгінгі жағдайда «Қазақстан-Түрікменстан-Иран» теміржолы екі елдің экономикалық серіктестігіне елеулі серпін беретінін айтты.
«Парсы шығанағына қарай теміржол төселуіне байланысты осы жылы тауар айналымы 38% өсті. Бұрын мұндай болған емес. Ынтымақтастыққа қажетті резервтер көп, оларды халықтарымыздың игілігіне пайдаланған жөн», – деді Қазақстан Президенті.
Елбасы Қазақстан мен Түрікменстанның көліктік-транзиттік әлеуетін дамытуды қамти отырып, екіжақты ынтымақтастықтың барлық жағы бойынша өзара іс-қимылды ұлғайту керектігіне тоқталды.
«Біз сауда, саяси және мәдени байланыстардың деңгейін көтеру үшін бар күш-жігерді жұмылдыруға тиіспіз деп санаймын. Қазақстан Түрікменстан үшін газ құбырының ғана емес, теміржолдың да транзиттік бағыты болып саналады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті екі мемлекеттің халықаралық мәселелердегі өзара түсіністігі мен ұстанымдарының ұқсастығына да назар аударды.
Өз кезегінде Гурбангулы Бердымұхамедов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Түрікменстанға сапары өзара байланыстарды барлық жағынан кеңейту тұрғысында маңызды екенін атап өтті.
«Біз Сіздің сапарыңызға зор мән береміз және ол Түрікменстан мен Қазақстанның арасындағы мемлекетаралық диалогқа жақсы серпін беретініне сенімдіміз», – деді Г.Бердымұхамедов.
Қатысты сілтемелер
-
Бекетаевпен және Байбекпен байланысты фирма басшысы тергеуге алынды
3 Қыркүйек 2024, 11:51 -
Тоқаев АЭС құрылысы бойынша 6 қазанда референдум өткізу туралы жарлыққа қол қойды
3 Қыркүйек 2024, 11:49 -
Жоғарғы сот Назарбаевтың байлығы туралы істі қараудан бас тартты
20 Тамыз 2024, 09:46