Қазақстан Республикасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың күшіне енуіне қолғабыс көрсету Конференциясының тең төрағасы ретінде тағайындалды

Күні: 18:18, 23-02-2015.

Астана. 23 ақпан. ҚазТАГ – Қазақстан Республикасы Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарттың (ЯСЖТШ) күшіне енуіне қолғабыс көрсету Конференциясының 2015-2017 жылдар кезеңіне тең төрағасы ретінде тағайындалды, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
«2015 жылы 23 ақпанда Вена қаласында Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу шарты ұйымының (ЯСЖТШҰ) отырысында Қазақстан мен Жапония 2015-2017 жылдар кезеңіне ЯСЖТШ-тың күшіне енуіне қолғабыс көрсету Конференциясының тең төрағалары ретінде тағайындалды», - делінген дүйсенбі күнгі СІМ хабарында.
Хабарда атап көрсетілгендей, 2015 жылы қыркүйек айында Нью-Йорк қаласында өтетін БҰҰ Бас Ассамблеясы шеңберінде Қазақстан өзінің міндеттеріне сәйкес Жапониямен бірлесе 9-шы ЯСЖТШ-тың күшіне енуіне қолғабыс көрсету Конференциясына төрағалық етеді.
Қазақстанның төрағалығы кезеңінде бірнеше маңызды халықаралық оқиғалар орын алады: 2015 жылы тамызда жапондық Хиросима және Нагасаки қалаларында болған адам түршігерлік атомдық жарылысқа 70 жыл, 2016 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы Семей шартына 10 жыл және ЯСЖТШ қол қою үшін ашылғанына 20 жыл толады.
Семей полигонында ядролық сынақтардан зардап шеккен және өз еркімен ядролық қарудан бас тартқан Қазақстан ядролық қарудан азат әлемге және ЯСЖТШ тезірек күшіне енуіне ықпал етуге бағытталған жұмысын белсенді түрде жалғастырып, халықаралық қауымдастықтың қызметіне жәрдем көрсетуге ниетті.
ҚР Президентінің осы саладағы соңғы бастамаларының бірі – АТОМ жобасы – ЯСЖТШ-тың күшіне енуіне кең ауқымды қоғамдық қолдау көрсетеін жаһандық науқан болып табылады. Бүгінгі күннің өзінде әлем көшбасшыларына жолданған онлайн-петиция жобасына 100-ден астам елден 100.000-ға жуық адам қол қойды.
Жалпы белгілі, ЯСЖТШ-ына қол қою 1996 жылы қыркүйектен басталды. Бүгінгі күні 183 ел оған қол қойып, 163-і ратификациялады. Сонымен қатар, Шарт күшіне енуі үшін, оған, ең кем дегенде, Екінші Қосымшада тізімі берілген сегіз ел қол қойып, ратификация рәсімінен өткізуі тиіс: АҚШ, Израиль, Иран, КХДР, ҚХР, Мысыр, Үндістан және Пәкістан.


Жаңалықтармен бөлісу: