Қазақстан Шамдағы (Сириядағы) шиеленісті реттеу жөніндегі Астана келіссөздері нәтижелі болады деп сенеді

Астана. 25 мамыр. ҚазТАГ – 2015 жылы 25 мамырда Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері басталып, 27 мамырға дейін жалғасатын болады, деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметінен.
«2015 жылы 25 мамырда Астанада сириялық оппозиция өкілдерінің келіссөздері басталып, 27 мамырға дейін жалғасатын болады. Бүгін бүкіл әлем Таяу Шығыста болып жатқан оқиғаларды алаңдаушылықпен бақылауда. Сириядағы жағдай әлемдегі ең ауыр дағдарыстың біріне айналып, өңірлік мәселелердің шегінен шықты. Бұл елдегі жағдайды реттеу үшін күштерді шоғырландыру қажеттілігі айқын», - делінген дүйсенбі күні ҚР СІМ таратқан хабарда.
Қазақстан БҰҰ қамқорлығымен Сирияның ішінде және сыртында қолданылатын диалог пен ымыраласу жолдары арқылы елдегі зорлық пен қантөгісті жедел тоқтату мақсатында, ауыр гуманитарлық апатты еңсеру және Сирия саяси болашағын айқындауға бағытталған әрекеттерін қолдайды.
Осыған дейін Сирияның оппозициялық күштер тобы Қазақстанға Сириядағы дағдарысты реттеу мәселесі бойынша келіссөздерде делдалдық ету туралы өтінішін білдіргені белгілі.
Осы елдегі аса ауыр гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдіріп, ішкі сириялық шиеленістің тек бейбіт жолмен және сириялықтар өздері ғана шешуі қажет деген бағдарын берік ұстанып, Қазақстан Сирия оппозициялық күштер өкілдерінің диалогы үшін алаң ұсыну шешімін қабылдады және келіссөздердің сәтті өтуі үшін қажетті жағдай жасады.
Сонымен бірге, Қазақстан сириялықтар арасындағы келіссөздер Сириядағы шиеленісті реттеу жөніндегі Женева үдерісі шеңберінде одан әрі жалғасатынына және нәтижелі аяқталатынына үміттеніп, алдағы Астанадағы консультациялар Женевадағы келіссөздердің сәтті өтуіне қосымша демеу береді деп ниеттенуде.
Келіссөздер жабық есіктер форматында өтетін болады. Олардың нәтижесі бойынша қатысушылардың баспасөз-конференциясы өтеді деп күтілуде. Нақты орны мен уақыты туралы ақпарат қосымша хабарланатын болады.

adimage