Қазақстан СІМ мен ҚР Журналистер одағы шетелдік журналистер арасында байқау жариялайды

Күні: 18:40, 21-05-2015.

Астана. 21 мамыр. ҚазТАГ – Асхат Ахметбеков. Қазақстан сыртқы істер министрлігі мен ҚР Журналистер одағы қазақстандық және шетелдік журналистер арасында байқау жариялайтындығын мәлім етті, деп хабарлады агенттік тілшісі.
ҚР СІМ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім еткендей, шетелдік журналистер үшін байқау географиясы Солтүстік және Оңтүстік Американы, Еуропа елдерін, ТМД, Таяу Шығыс, сондай-ақ Азия, Австралия мен Мұхиттағы елдерді қамтиды.  
«Әр өңірден бір жеңімпаз анықталады. Шетелдік БАҚ өкілдерінің жеңімпаздарына Қазақстанға тур ұйымдастырылып, елордамыз Астанаға, іскерлік орталығымыз Алматыға, сондай-ақ жер шарының алғашқы ғарыш орталығы  - Байқоңырға сапар ұйымдастырылады. Тур аясында ресми тұлғалармен, ғалымдармен, журналистермен, Қазақстанның ғылым және мәдениет қайраткерлерімен кездесулер болады», - деді А. Әбибуллаев бейсенбі күнгі баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, осы конкурстың мақсаты «Қазақстанның сыртқы саясатын, басымдықтарын шынайы кеңінен жариялау» болып табылады.
«Біз Қазақстанның қазіргі заманғы даму үдерістерін, өмірі, мәдениеті, дәстүрі шынайы түрде көрсетілуіне ұмтыламыз. Осы тақырыптар шетелдік БАҚ беттерінде мейлінше кеңінен жарияланғанын қалаймыз», - деді ол.
Қазақстан журналистерінің арасындағы «Қазақстанның сыртқы саясаты» байқауы 21 мамыр мен 28 маусым аралығында өтеді. Аталған конкурстың мақсаты - халықаралық қатынастар саласындағы Қазақстан журналистикасын қолдау және дамыту, біздің мемлекеттің сыртқы саясаты жөніндегі ең үздік репортаждар, сұхбаттар мен талдамалдық мақала авторларын ынталандыру.  
«(...) 2 маусымда біз дәстүрлі түрде Қазақстан дипломатиясының күнін атап өтеміз. Ұсынылып отырған тақырыптың өзектілігі мен ауқымдылығын ескерсек, жұртшылық алдағы осы шараға үлкен қызығушылық білдіреді деп сенеміз», - деді А. Әбибуллаев.
Оның айтуынша, конкурс жеңімпаздарына шара ұйымдастыру комитетінің есебінен 2015 жыл соңына дейін Қазақстан сыртқы істер министрімен делегация құрамында шетелге сапарға бару мүмкіндігі беріледі. Бұл ретте екінші және үшінші орын алған жүлдегерлерге дипломдар мен басқа да сыйлықтар тапсырылады.


Жаңалықтармен бөлісу: